Алматыда 12 мыңға жуық орынға арналған 8 мектептің құрылысы аяқталуға жақын

29.11.2025 10:56

«Келешек мектептері» қаланың қарқынды дамып жатқан шағынаудандарында салынып жатыр

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов жұмыс сапары аясында 11,7 мың орынға есептелген 8 мектептің құрылысы мен жабдықталу барысын тексерді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген әрі оқушыларға қолайлы кеңістігі бар жаңа ғимараттар Президент бастамасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қаланың қарқынды дамып жатқан шағынаудандарында салынып жатыр.

«Нысандардың басым бөлігінде жұмыс аяқталып келеді – ішкі әрлеу, жиһаз және техника орнату, сондай-ақ аумақты көріктендіру бітуге жақын. Алайда Түрксіб ауданындағы екі нысандағы жұмыстар мерзімнен кешігіп жатыр. Сондықтан жұмысты жылдамдату үшін бақылауды күшейтіп, қосымша ресурс жұмылдыруды сұраймын. Биыл жыл соңына дейін барлық жұмысты толық аяқтауымыз қажет», – деді Бейбіт Шаханов.

Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары құрылыс компанияларының назарын мектептердің айналасын қосымша көгалдандыру және автотұрақ орындарын ұйымдастыру қажеттігіне аударды.

Айта кетейік, биыл Алматыда ұлттық жоба аясында, Әкімдік жанындағы жобалық кеңсе қолдауымен жалпы 22 500 оқушыға арналған 12 мектептің құрылысы аяқталды.

Оқи отырыңыз: Алматыда шағын бизнес үшін салық мөлшерлемесі 3 пайызға дейін төмендейді