Алматыда 2025 жылы Баум тоғайын абаттандыру жоспарланып отыр

06.12.2024 13:56

Аумақта шағын архитектуралық формалар пайда болады

Алматы әкімдігі

Бұл туралы қаланың үш жылдық бюджеті бекітілген Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы кезінде белгілі болды. Баум тоғайы-қаланың басты табиғи нысандарының бірі. Тоғайдың ауданы 137,7 га құрайды, ол Түрксіб ауданында Сейфуллин мен Сүйінбай даңғылдарының арасында орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаның мақсаты-тоғайды экологиялық маңызы бар аумақ ретінде жаңғырту, тұрғындар арасында эко-сананы дәріптеу. Тәсілдің ерекшелігі-тоғайдың табиғи компонентіне минималды араласу.

Аумақта шағын архитектуралық формалар пайда болады: орындықтар, беседкалар, урналар, сондай-ақ балалар ойындары мен спортқа арналған жабдықтар. Көгалдандыру кезінде эрозияны болдырмау және жер жұмыстарын азайту үшін табиғи рельеф пен жер жамылғысы сақталады.

Баум тоғайы үш аймаққа бөлінеді:

  •  Белсенді аймақ-ашық инфрақұрылымға қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін тоғайдың периметрі бойынша орналасады.
  •  Рекреациялық аймақ-ең аз инфрақұрылымы бар тыныш демалыс орны болады.
  •  Эко-аймақ-шектеулі араласумен табиғи флора мен фаунаны сақтауға және қалпына келтіруге арналған.

Бүкіл жоба үш негізгі қағидаға негізделген: қалпына келтіру, эко-аймақтарға бөлу және қауіпсіздік. Абаттандыруды жүзеге асыру тоғайды қала тұрғындары үшін заманауи, экологиялық және жайлы демалыс аймағына айналдыруға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Алматыда келер жылы тағы 100 мектеп автобусын сатып алуға қаржы бөлінеді