Алматыда 2030 жылға қарай қоғамдық көлікпен қатынау санын 64%-ға арттыру жоспарланып отыр

28.09.2026 17:01

Халық санының болжамы нақтыланған сайын жолаушылар тасымалына деген қажеттілік те қайта есептеледі

2030 жылға қарай Алматыда қоғамдық көлікпен тәулігіне қатынау санын 2,3 млн-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бастапқы көрсеткіштен шамамен 64%-ға жоғары. Аталған мақсатты көрсеткіштер қаланың Бас жоспарын түзету кезінде де сақталады. Бұл туралы «Алматыбасжоспар» ҒЗИ басшысы Асхат Сәдуов мәслихат депутаты Садир Хамраевтың Алматының көлік жүйесін дамыту жөніндегі сұрағына жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Асхат Сәдуовтың айтуынша, негізгі міндеттердің бірі қоғамдық көлікті тұрғындар үшін барынша қолайлы ету. Бұл жеке автокөлікті пайдалану қажеттілігін азайтып, жолға кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Осы мақсатта аудандар арасындағы бағытты дамыту, қолайлы көлік ауыстырып міну тораптарын ұйымдастыру және қала ішінде әр жолы орталық арқылы өтпей-ақ қатынауға мүмкіндік беретін көлік байланыстарын қалыптастыру көзделген.

2040 жылға қарай Бас жоспарда жеке автокөлікті пайдалану деңгейін бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 20%-ға төмендету қарастырылған.

Сонымен қатар қоғамдық көлік желілерінің жалпы ұзындығын қазіргі 981 шақырымнан 2030 жылға қарай 1 040 шақырымға, ал 2040 жылға қарай 1 214 шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, жұмыс орындары мен күнделікті қажетті қызметтерді тұрғын аудандарға жақындату үшін бес полиорталықты дамыту көзделген. Бұл қала ішінде алыс қашықтыққа қатынау қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.

Халық санының болжамы нақтыланған сайын жолаушылар тасымалына деген қажеттілік те қайта есептеледі.

Көлік жүйесін дамыту нәтижелері жолға кететін уақыт, қоғамдық көліктің қозғалыс жылдамдығы және аудандар арасындағы қатынаудың қолайлылығы секілді көрсеткіштер бойынша бағаланады.

Оқи отырыңыз: Мыңдаған адам қатысқан Almaty Marathon қалай өтті

Толық көрсету