Биыл жоспардан тыс 88 тексеру жүргізілген
Алматыда 52 мыңнан астам контрафактілік өнім жойылды. Жалпы құны 5 миллион 200 мың теңгеден асатын монтаждау-құрылыс материалдары сот шешімімен айналымнан шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандардың сөзінше, заңсыз желімнің түпнұсқадан айырмашылығы бір ғана әріпте. Ал қаптаманың сыртқы безендірілуі түпнұсқаға ұқсас. Сондықтан айырмашылықты бір қарағанда кез келген сатып алушы байқай бермейді. Жалған өнімді компанияның өзі анықтаған. Қызметкерлер сатылымның төмендегенін байқап, оның себебін тексере бастаған. Нәтижесінде контрафактілік өнімді сатушылар мен тауар сақталған қоймалар анықталған. Жиналған материалдар Алматы қаласының Әділет департаментіне жолданып, кейін жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
«Біз 52 мыңнан астам тауарды тәркіледік. Соның арқасында олар нарыққа шығарылмай, адамдардың қолына түскен жоқ. Нарықта контрафактілік өнімдер аз емес. Егер олар сертификатталмаған және техникалық регламент талаптарынан өтпесе, оны пайдалану қауіпті. Сондықтан, мұндай істердің алдын алу қажет», – деді компания өкілі Дархан Тоғызбаев.
Биыл Алматыда жоспардан тыс 88 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде жалпы құны 60 миллион теңгеден асатын 100 мыңнан астам контрафактілік өнім айналымнан алынған.
Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, біреудің тауар белгісін заңсыз пайдаланғандарға 20-дан 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін.
«Соттың қаулысында көрсетілген тауар беліглерін жою мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Айыппұл салынады, яғни соттың шешімімен қосымша тауар белгісін заңсыз пайдаланған тауарлар тәркіленіп, әрі қарай жойылады», – деді Алматы қалалық Әділет департаменті мүлікті мемлекет пайдасына тәркілеу бөлімінің басшысы Хәкім Мақұлов.
Оқи отырыңыз: Алматыда IT және жасанды интеллект саласын дамытуға арналған екі ірі орталық құрылады