Қаладағы 20 шақырым жылу жүйесі және 220 шақырым электр желісі жаңартылды
Алматыда биыл 20 шақырым жылу жүйесі және 220 шақырым электр желісі жаңартылып, 85 қазандық қайта жөндеуден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Модернизация нәтижесінде қаладағы жылу мен жарықтандыру жүйесінің тозу деңгейі төмендеп, желілердің қызмет ету сапасы айтарлықтай жақсарады. Қазір Алматыдағы жылу желілерінің 56,1 пайызының қызмет ету мерзімі 25 жылдан асады. Мамандардың мәліметінше 2024-2025 жылдары жылу тарату жүйлерінің ескіруі 3,8 пайызға төмендейді деп жоспарлануда.
"Біз атқарылған жұмыстың оң әсерін байқап жатырмыз. Былтыр 10 шақырымға жуық желілерді жаңарттық, биыл 20 шақырымды жаңарту жоспарланып отыр. Ал келер жылы одан да көп шақырым қамтитын боламыз. Жаңа желілердің қызмет ету мерзімі 30 жылдан басталады, қолданған технология шіруге жол бермейді. Жұмыстарды жылыту маусымы біткен соң бірден қолға аламыз, – деді" "Алматы жылу желілері" ЖШС техникалық директоры Темірхан Әлжан.
Мегаполисте 802,6 шақырымдық жылу желілерінің қызмет ету мерзімі 30 жылға жетеді. Оның ішінде магистральдық желілер – 101,7 шақырым болса, тарату желілері 64,4 пайызға жетеді. Ал биыл жоспарланған 20 шақырымдық жылу желілерін жаңғырту жұмыстары толық аяқталды.
Алып шаһарда биыл электр желілерін жаңғыртуға да айтарлықтай көңіл бөлінді. Жарық жүйесінің тозуы 1,7 пайызға азайды. Жоспар бойынша 2025 жылы ұзындығы 39,2 шақырымдық жылу желілері жаңғыртылмақ. Бұдан бөлек 240 км электр желісін жаңарту және 21 қазандықты қайта жөндеу көзделген. Сондай-ақ қалада жарықтандыру мәселесі де шешімін тауып келеді, қазір мегаполистің 85 пайыздан астам көшелерінде жарықпен қамтылған.
"323 шақырым жарық желісі жөнделді, ауыстырылды. Жарықтандыру жеткіліксіз болған жерлерде 2000 мыңнан астам жарық бағаналары орнатылған. Қаланың аумағында ескі, авариялық шамдарды энергия үнемдейтін шамдарға ауыстырылды", – деді "Алматы қала Жарық" сыртқы жарықтандыру өндірістік-пайдалану қызметінің басшысы Берік Нұрасыл.
Модернизация нәтижесінде қаладағы жылу мен жарықтандыру жүйесінің тозу деңгейі едәуір төмендеп, желілердің қызмет ету сапасы мен мерзімі артады. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастамалар қаланың инфрақұрылымдық дамуына оң әсерін тигізіп, мегаполистің экологиялық тұрақтылығын жақсартуға да ықпал етеді.
Әйкерім Пернебек, Владислав Иванщенко, Ялкунжан Әшімжанова
Оқи отырыңыз: Алматыда Құрылыс ережелері, Қала құрылысы регламенті және Құрылыс объектілерін тексеру тәртібі бекітілді