2025 жылдан бастап ірі көлемді көшеттерді жаппай отырғызуды бастау жоспарлануда
Алматыда абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәслихат сессиясы барысында хабарлады, онда 2025-2027 жылдарға арналған мегаполис бюджеті қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Абаттандырудың жаңа сапасына қолжеткізу және жасыл қорды кеңейту үшін осы маңызды басымдықтарды қаржыландыру 2025 жылы 40% - ға немесе 50 млрд.теңгеге, яғни 170,5 млрд теңгеге дейін ұлғаяды», - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Ыңғайлы қалалық ортаны қамтамасыз ету үшін абаттандырудың жаңа ережелері қабылданды, аулаларды кешенді күтіп ұстауға үш жылдық шарттар енгізілді, сондай-ақ магистральдық көшелер бойындағы үйлердің қасбеттерін жөндеу тәсілдері қайта қаралды.
2024 жылдың қаңтарынан бастап алғаш рет аулаларды күтіп ұстауға үш жылдық шарттар жасалды. Олар санитарлық тазалауды, абаттандыру элементтерін жөндеуді және жасыл аймақтарды күтуді қамтиды. Бұл тәсіл мердігерлердің жауапкершілігінің кемшін жағын жояды және жұмыс тиімділігін арттырады. 2023-2024 жылдары «Алматы тазалық» паркі үшін 141 бірлік техника сатып алынды, 2025 жылы тағы 32 бірлік техника сатып алу жоспарлануда. «Алматы тазалық» жұмысы 2025 жылы магистральдық көшелерді тазалауға бағытталатын болады.
Алматыда қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін кешенді жұмыстар аясында қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша көгалдандырудың жаңа тәсілдері белсенді түрде енгізілуде. 2023-2024 жылдары 643 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды, ал 2030 жылға дейін бекітілген Жол картасына сәйкес 2,5 млн ағаш пен бұта отырғызу жоспарлануда.
Жасыл қордың жағдайын жақсартудың негізгі бағыттарының бірі тамшылатып суару және автосуару жүйелерін енгізу болды. 2023 жылы 500 мың ағаш (200 км тамшылатып суару) қамтылды, 2024 жылы 220 мың ағашқа тағы 110 км қосылды. 2025 жылы 120 км тамшылатып суару және 168 км авто суару орнату жоспарлануда, бұл 240 мың ағашқа күтім жасауды қамтамасыз етеді.
2025 жылдан бастап ірі көлемді көшеттерді жаппай отырғызуды бастау жоспарлануда: биіктігі 4 метрден асатын 23 мың ағаш және биіктігі 6 метрден асатын 4 мың ағаш.
Сонымен қатар, қалада көгалдар мен гүлзарларды (бірінші деңгей), бұталар мен сәндік өсімдіктерді (екінші деңгей), сондай-ақ ірі ағаштарды (үшінші деңгей) қамтитын үш деңгейлі көгалдандыру қолданылады. Бұл жасыл желекті едәуір ұлғайтуға және қала тұрғындары үшін жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын алу: 2025 жылға арналған жеткілікті шек жарияланды