Алматыда АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті

Ресми рәсім қос елдің мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Америка Құрама Штаттары тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті. Заманауи өнер музейінде ұйымдастырылған іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт және Бас консулы Мишель Еркін қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ресми рәсім қос елдің мемлекеттік әнұрандарының орындалуымен басталды. Жиылған қауымды айтулы мерекемен құттықтаған шаһар басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекеттердің бірі екенін айтты.

«Биыл біз дипломатиялық қатынастың орнағанына 35 жыл толуын атап өтудеміз. Осы уақыт ішінде екі елдің өзара байланысы берік әрі сенімді кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалогтың арқасында екіжақты байланыстарымыз тұрақты дамыды», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, бүгінде Алматыда америкалық капиталы бар 400-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы қала мен АҚШ арасындағы сауда айналымы 1 миллиард доллардан асқан. Сондай-ақ мегаполиске 24 мыңнан астам америкалық турист келген. Ал келер жылы ашылатын «Алматы – Нью-Йорк» тікелей әуе рейсі туристік және іскерлік байланысты одан әрі дамытуға ықпал етпек.

Қос тарап арасындағы ынтымақтастықтың серпіні туралы АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы да пікір білдірді.

«Бүгін мен тек өз елім үшін емес, барша адамзатқа ортақ маңызды күнді, тарихи белесті атап өтіп жатқаныма қуаныштымын. Биыл АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығы. Осы айтулы мерекеге арналған “Еркіндік күні қалықтасын” атты кешке қош келдіңіздер! Бұл тіркес әннен алынған және ол Америка тарихында музыка мен еркіндіктің әрдайым қатар өрілгенін еске салады», – деді АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Мишель Еркін.

Оқи отырыңыз: Тарихи сайлау – Президент Құрылтай сайлауын 23 тамызға тағайындады