Алматыда алғашқы түнгі Almaty Glow Ride велошеруі өтеді

23.05.2026 12:55

Іс-шараға 3000-ға дейін адам қатыспақ

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

2026 жылы 23 мамырда Алматыда алғашқы түнгі Almaty Glow Ride велошеруі ұйымдастырылады. Ауқымды қалалық іс-шара белсенді өмір салтын ұстанатын, спортпен айналысатын және кешкі велосеруенді ұнататын тұрғындардың басын қоспақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Велошерудің басталуы сағат 22:00-де Астана алаңында өтеді. Қатысушылар Төле би көшесі – Назарбаев даңғылы – Тимирязев көшесі (Алматы қаласы әкімдігі ғимараты маңы) – Желтоқсан көшесі – Төле би көшесі бағыты бойынша жүріп өтеді.

Іс-шараға 3000-ға дейін адам қатыспақ. Велошеру аясында ең креативті образ, ең үздік безендірілген велосипед, ең жарқын шлем және өзге де арнайы аталымдар бойынша серіктестердің сыйлығы табысталады. Қатысушылар мен қонақтар үшін неонды жарық элементтері, ойын-сауық бағдарламасы, байқаулар мен түрлі интерактивті белсенділіктер ұйымдастырылады.

Спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, шараның негізгі мақсаты – спортты, салауатты өмір салтын және қаладағы белсенді демалыс мәдениетін насихаттау.

Велошеруге байланысты қалада көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. 23 мамыр сағат 20:00-ден 23:30-ға дейін Төле би көшесі толық жабылады. Ал сағат 21:45-тен 23:00-ге дейін велошеру колоннасының өтуіне байланысты Назарбаев даңғылы мен Желтоқсан көшесінде қозғалыс уақытша шектеледі. Көлік қозғалысын толық қалпына келтіру сағат 23:30-ға жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Алматы Euronews эфирінде: халықаралық аудиторияға шаһардың туристік келбеті таныстырылды