Алматыда ALMATY THEATRE FEST фестивалінің жабылу салтанаты өтеді
Республикалық театр фестивалі мәресіне жетеді
Алматыда «Алатау» дәстүрлі өнер театрының 10 жылдық мерейтойына арналған ALMATY THEATRE FEST республикалық театр фестивалінің жабылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда 15-20 қараша аралығында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының 10 жылдығына арналған ALMATY THEATRE FEST республикалық театр фестивалі өтіп жатыр. Фестиваль Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Алатау» театры және Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр.
Алты күн бойы еліміздің әр өңірінен келген театр ұжымдары көрермен назарына 10 спектакль ұсынды.
Биылғы фестивальдің басты ерекшелігі – байқау форматында өтпеуі. Ұйымдастырушылар жүлделі орындар мен Гран-при үшін дәстүрлі бәсекеден бас тартып, спектакльдердің көркемдік құндылығына, театрлар арасындағы шығармашылық байланысқа және актерлік шеберлікті бағалауға басымдық берді.
Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімінде бірқатар арнайы марапат табысталады. Атап айтқанда, «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел адам рөлі», «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі», «Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі», «Үздік эпизодтық ер адам рөлі», «Үздік эпизодтық әйел адам рөлі», «Үздік актерлік дуэт» және «Қуыршақ театрының үздік актері» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталады. Сонымен қатар Кәукен Кенжетаев пен Айша Абдуллина атындағы арнайы сыйлықтар табысталады.
Кеш қонақтарына «Алтыбақан» спектаклінен арнайы сахналық үзінді ұсынылады.
ALMATY THEATRE FEST – Қазақстан театрлары арасындағы шығармашылық диалог пен кәсіби тәжірибе алмасуға, мәдени байланысты нығайтуға арналған алаң. Фестиваль отандық сахна өнерінің дәстүрі мен заманауи үрдістерін тоғыстырады.
- Өтетін орны: «Алатау» дәстүрлі өнер театры
- Мекенжайы: Алматы қаласы, Нұркент шағынауданы, 6
- Күні мен уақыты: 20 қараша, сағат 17:00
- Байланыс нөмірі: Камила Нұрахмет, +7 777 678 85 94
Оқи отырыңыз: Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік зерттеу хабы ашылады