Алматыда ардагерлерге аллея ашу бастамасы әншілер қатысқан эконауқанға ұласты

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Ең ауқымды іс-шара 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған 8 аллея ашылды. Бұл бастама "Таза Қазақстан" бағдарламасы мен "Алматы - ортақ үйіміз" науқаны аясында ұйымдастырылып отыр. Қаланы көгалдандыру, санитарлық тазалау және ардагерлерге құрмет көрсету бағытындағы ауқымды сенбілік мегаполистің барлық 8 ауданын қамтыды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ең ауқымды іс-шара 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтті. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ардагерлер рухына арнап алғашқы көшетті отырғызды. Салтанатты сәтке батырдың туыстары да қатысып, батыр есімін ұлықтау іс-шарасына атсалысты. Осы күні саябақта жалпы саны 29 ардагердің құрметіне 6 метрлік жөке ағаштары отырғызылып, әрқайсының түбіне арнайы есімі жазылған тақтайшалар орнатылды.

«Жеңістің 80 жылдығын қарсы алып отырмыз ғой. Мына ағаштарды еккен бізді келешек ұрпақтар еске алып, «Ардагерлер аллеясында мына ағашты ана кісі отырғызды» деп білсін деген ниетпен осы игі шараны ұйымдастырған қала әкіміне көп рахмет», - деді Ұлы Отан соғысының ардагері Қамбар Сәрсен.

«Әкем қазір 99 жаста. 1926 жылы дүниеге келген. Осы жерге алып келіп, жөке ағашы отырғыздық. Өзіне арнап тақтайша қойдық. Ертең келіп, өз көзімен көріп, су құйып кетеміз», - деді К. Анафияевтің қызы Алима Анафияева.

Жеңістің 80 жылдығына арналған аллеялар осы күні шаһардың барлық сегіз ауданында ашылды. Мәселен Алмалы ауданындағы Амангелді көшесінде орналасқан саябақта жүргіншілер жолы мен орындықтар орнатылып, жарықтандыру жүйесі жаңартылды. Ал Наурызбай ауданындағы Ақжар скверінде де егілген ағаштар ардагер есімдерін жаңғыртты.

Айта кетейік, жалпы шаһарда ашылған аллеяларда 200 жөке ағашы егілді. 

«Біздің Ұлы Отан Соғыстың 80 жылдығына арнайы экологиялық тазалық акциясы өтіп жатыр. Ең басты шаралардың бірі - әр ауданда ардагерлер аллеясы салынды. Ол жерде әр ағаштың астында әр ардагеріміздің атымен белгі қойылды. Бұдан басқа, бүкіл қала бойынша тазалыққа қалалықтар қатысып жатыр», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.

"Таза Қазақстан" экологиялық акция аясында қаланың тазалығы мен көркіне де ерекше назар аударылды. Саябақтар мен көшелерде шөп шабылып, арық жүйелері тазаланды. Қоршаулар мен жарық бағаналары сырланып, жасыл желектерге санитарлық күтім жасалды. Қатысушыларға қолғап, күрек, тырма сияқты құралдар мен арнайы футболка, кепкалар және «Жеңіс» жазуы бар ленталар таратылды. Сондай-ақ мерекелік атмосферада концерттер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, соғыс жылдарындағы әндер шырқалды.

«Жеңістің 80 жылдығына байланысты ардагерлерге арналған аллея ашылып жатырКөзі кеткен кісілердің артында қалған ұрпақтары келіп жатыр. Сондықтан сабақты инені сәтімен пайдаланып, бізде сенбілік жүріп жатыр», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанар Айжанова.

Жеңістің 80 жылдығына арналған сенбілік Жетісу ауданында да ерекше форматта өтті. Іс-шара Ратушный саябағында басталып, Көкмайса ықшамауданында ардагерлерге арналған аллеяның ашылуымен жалғасты. Акцияға қалалық әкімдік аппарат басшысы, аудан әкімі, өнер жұлдыздары мен жастар қатысты.

«Сенбілік жиі болып тұрғаны дұрыс. Себебі біздің қаламыз мегополис болғандықтан, тазалық керек. Тазалық болған жерде бәрі жақсы болады. «Тазалық - иманның жартысы» дейді. Сол себептен қаламызды таза ұстайық. Біз де атсалысып жатырмыз. Сенбілік жиі болып тұрсын», - деді әнші Абай Бегей.

Айта кетейік жалпы, қала бойынша сенбілікке 50 мыңнан аса тұрғын қатысты. Олардың қатарында әскери және құқық қорғау органдарының 2 мыңға жуық өкілі мен коммуналдық сала қызметкерлері болды. Сенбілік нәтижесінде 10 мың текше метрден астам қоқыс жиналып, арнайы техникамен қалалық полигонға жеткізілді.

Мәди Мәлік, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жеңіс-80: Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған 8 аллея ашылды

Новости партнеров