Төлем мөлшері 2026 жылы 18 қыркүйекте Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында бекітілді
Алматыда әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ұсталып, коммуналдық арнайы тұраққа жеткізілген көліктерді эвакуациялау және сақтау үшін ақы енгізіледі. Жаңа тәртіп 4 қазаннан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
4 қазаннан бастап көлік құралдарын коммуналдық арнайы тұрақтарға эвакуациялау және уақытша сақтау үшін төлемнің бірыңғай тәртібі қолданылады. Төлем мөлшері 2026 жылы 18 қыркүйекте Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында бекітілді.
Эвакуация құны көліктің барлық санаты үшін 3 АЕК, яғни 12 975 теңге болады. Жеңіл автокөлікті арнайы тұрақта сақтау құны алғашқы тәулікке 2,5 АЕК (10 812,5 теңге), кейінгі әр тәулікке 5 АЕК (21 625 теңге) мөлшерінде белгіленді.
Көлік иелеріне құқық бұзушылықтарды жойып, автокөліктерін 3 қазанға дейін арнайы тұрақтан алып кету ұсынылады.
Айта кетейік, бұл өзгеріс барлық эвакуация жағдайына қатысты емес. Ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген жағдайда ұсталып, арнайы тұраққа жеткізілген көлік құралдарына ғана қолданылады.