Алматыда Беларусь Республикасының Бас консулдығы ашылды

15.04.2026 21:23

Дипломатиялық нысанның ашылуына Беларусь Сыртқы істер министрі өзі келіп, шаһар әкімі Дархан Сатыбалды қонақжайлылық танытты

Алматыда Беларусь Республикасының Бас консулдығы ашылды. Мемлекет басшысы да бұл бастаманы қолдап, мұның мемлекеттер арасындағы байланысты кеңейте түсетініне сенім білдірген еді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дипломатиялық нысанның ашылуына Беларусь Сыртқы істер министрі өзі келіп, шаһар әкімі Дархан Сатыбалды қонақжайлылық танытты. Мейман 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағындағы әскери-тарихи музейге ат басын бұрды. Онда қазақ қаһармандарының ерлігі мен жанкештілігі баяндалды.

«Ұлы Отан соғысы жылдары 84 қазақстандық  Беларусь жерін азат ету жолындағы шайқастарда ерен ерлік көрсетті. Біз оның бәрін мойындаймыз, батырларға бас иеміз. Біздің елдің қалаларындағы көп көшеге сұм соғыс кезінде қаһармандық танытқан қазақстандықтардың есімі де берілген. Олардың ұлы істерін ұмытпаймыз. Өйткені, біздің тәуелсіздік содан бастау алады», - деді Беларусь Республикасының Сырты істер министрі Максим Рыженков.

Одан соң мәртебелі меймандар «Мәңгілік алауға» гүл шоғын қойды. Батырларды 1 минут үнсіздікпен еске алып, тағзым етті.

Айта кетейін, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 30%-ға артып, 1,2 млрд долларға жеткен екен. Ендігіде өнеркәсіп кооперациясы, көлік, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдету аясында шаруалар атқарылмақ.

«Екі ел басшылары мемлекеттер арасындағы тауар айналымын 2 миллиард долларға жеткізу мүмкін екенін айтып, сондай тапсырма берді. Біз осыны орындау үшін бар күшімізді салып жатырмыз, оған барлық жағдай жасалған. Одан бөлек, бірқатар салада ынтымақтастықты арттыру - маңызды міндет», -деді Беларусь Республикасының Алматыдағы бас консулы Денис Мелешкин.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға хат жолдады