Биылғы іс-шарада заманауи форматқа басымдық берілді
Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ерекше форматтағы неондық «Бірлік жүгірісі» ұйымдастырылды. Іс-шараға түрлі ұлт өкілдерінен 100-ден астам адам қатысып, ол достықтың, татулықтың және мәдени алуандықтың жарқын көрінісіне айналды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдерінің мәліметінше, биылғы іс-шарада заманауи форматқа басымдық беріліп, тұрғындарды бұқаралық спортқа кеңінен тарту көзделген.
Жүгіру кешкі уақытта өтті: сағат 21:00-де басталып, қатысушылар неон жарықтары, әуен және мерекелік атмосфера аясында қашықтықты еңсерді. Қатысушылар жарық беретін аксессуарлар мен түрлі элементтер тағып шығып, заманауи қалалық стиль қалыптастырды.
Музыкалық бағдарлама да әртүрлілігімен ерекшеленді. Диджей-сетте әлем мәдениеттерінің әуендері үйлесім тауып, бірлік рухын айшықтай түсті. Қашықтық бойында жанкүйерлердің қолдауы мен жүргізушінің жігерлендіруі қатысушыларға күш беріп отырды.
Мәре сәті ерекше есте қалды: барлық қатысушыға «1-орын» медалі табысталып, бұл жарыста жеңілген жан жоқ екені көрсетілді. Ал шаңырақ пішінінде безендірілген тұғырнама ортақ үй – Қазақстанның символы ретінде ұсынылып, әр адамның біртұтас қоғамның бөлшегі екенін бейнеледі.
Іс-шара бағдарламасы электродомбыра үнімен және жасанды интеллект элементтері қолданылған мультимедиялық көрсетіліммен толықты. Бұл дәстүр мен заманауи технологиялардың үйлесімді тоғысқанын көрсетті.
«Бірлік жүгірісі» тек спорттық іс-шара емес, адамдарды біріктіретін, өзара құрмет пен қоғамдық келісімді нығайтатын маңызды алаң екенін дәлелдеді.
Оқи отырыңыз: Мерекелік концерттер мен түрлі іс-шара: Алматы – дәстүрге берік қала