Алматыда биыл 21,7 мыңнан астам жас жұмысқа орналасты
Алматыда 2026 жылы алғашқы тоғыз айда қалалық жұмыспен қамту бағдарламаларының көмегімен 21,7 мың жас жұмысқа орналасты. Олардың 3,9 мыңы NEET санатындағы жастар болса, тағы 9,6 мыңы жаңа кәсіби дағды меңгерді. Жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастарға, яғни NEET санатына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматыдағы NEET санатындағы жастардың үлесі 2025 жылғы 5,8%-дан 4,8%-ға дейін төмендеді. Бұл санатқа шамамен 33,6 мың адам жатады. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі осы кезеңде 3,8% болды. Салыстыру үшін, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,4% болған.
Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 769 мың жас тұрады. Оның ішінде 332,6 мыңы жалдамалы жұмыста істейді, 34 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Жоғары оқу орындарында 232,8 мың, колледждерде 89,6 мың жас білім алып жатыр.
Жастардың жұмысқа орналасуына көмектесу үшін қалалық Жастардың мансап орталығы жұмыс істейді. Мұнда жұмыс берушілермен кездесулер, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, тағылымдамалар мен еңбек жолын енді бастаған жастарға арналған тәжірибелік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Орталықтың көмегімен 4 мың адам жұмысқа орналасты. Олардың 1,2 мыңы – NEET санатындағы жастар. Бұдан бөлек, Алматының 2,1 мың жас тұрғыны уақытша жұмыс орындарына орналастырылды.
Кәсіби даярлыққа бағытталған бастамалардың бірі Skill All жобасы. Оның аясында маркетинг, IT, жұмысшы мамандықтары және қызмет көрсету салалары бойынша білім алуға болады. Күндізгі курстардан 2 мың адам, ал қашықтан оқыту бағдарламаларынан 7,6 мың адам өтті. Қазіргі уақытта онлайн форматта 92 оқу бағдарламасы қолжетімді.
Бос жұмыс орындары мен қолдау шаралары туралы ақпаратты Jasalmaty.kz цифрлық платформасынан табуға болады. Платформаны 25 мың бірегей пайдаланушы қолданған. Қазір онда 1,3 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылған.
Жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болған жастармен жеке жұмыс та жүргізіледі. Мамандар олардың қажеттілігін анықтау үшін 10 мың адаммен байланыс орнатқан. Олардың 1 681-і жұмыс іздеуге көмекке мұқтаж болса, ал 421 үміткерге жеке қолдау көрсетіліп жатыр.
Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, негізгі мәселелердің бірі колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерінде еңбек тәжірибесінің болмауы және алған мамандығының жұмыс берушілер талаптарына сәйкес келмеуі. Сондықтан жастарға бос жұмыс орындарын ұсынумен қатар, тағылымдамадан өтуге, қысқа мерзімді курстарға қатысуға және алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік беріледі.
Оқи отырыңыз: Алматыда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мамандандырылған стоматология бөлімшесі ашылды