Алматыда киберспорт саласындағы республикалық ACG Media & Cup 2025 турнирі өтеді

22.05.2025 18:31

Блогерлер мен стримерлер қатысатын ірі іс-шараға Dota 2, CS2 және FC 25 бойынша ұйымдастырылады

 

 

 

 

 

Аlmaty.tv

24 мамырда Алматыдағы «FORUM» сауда ойын-сауық орталығында (Сейфуллин даңғылы, 617) гейминг, киберспорт және цифрлық мәдениет жанкүйерлеріне арналған іс-шара – Almaty Cyber Games Media & Cup 2025 өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жоба үшінші рет өткізіліп отыр және Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық спорт орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді.

Іс-шара аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты ойыншылар мен жанкүйерлер бас қосатын республикалық турнир өтеді. Биыл Counter-Strike 2 ойыны бойынша медиялық турнирге баса назар аударылып отыр. Онда танымал блогерлер, актерлер, стримерлер мен музыканттар бақ сынайды.

«Қатысушылар жүлде қоры үшін ғана емес, сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі ACG International турниріне жолдама алу үшін де жарысады. Турнир Dota 2, Counter-Strike 2 және FC 25 сынды үш негізгі ойын бойынша өтеді», - делінген хабарламада.

ACG жобасының басты мақсатының бірі елдегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту. Киберспорт – цифрлық трансформацияның маңызды көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге IT мен жаңа технологияларға инвестиция салуға тартымды сала.

Алматылықтар мен қала қонақтары 24 мамыр күні сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін цифрлық болашақтың атмосферасына еніп, заманауи технологияның мүмкіндіктерімен таныса алады.

Іс-шараны iPlay Esports және Ұлттық студенттік киберспорт қауымдастығы (NESA) Алматы қаласы әкімдігінің Цифрландыру басқармасының қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Райымбек – Саин жолайрығы 2026 жылы күрделі жөндеуден өтеді