Алматыда былтыр 15 мыңға жуық азамат атаулы әлеуметтік көмек алды

08.01.2025 19:07

Бұл туралы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов айтты

Алматыда былтыр 15 мыңға жуық азамат атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұған бюджеттен 1,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл туралы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр Алматыда әлеуметтік міндеттемелерді орындауға 5 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл бағыттағы жұмысты қаржыландыру 30 пайызға, яғни, 7,1 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде баяндама жасаған Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, алматылықтардың әлеуметтік әлеуетін жақсарту мақсатында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.

"286 мыңнан астам алматылыққа мемлекеттік қызмет көрсетілді, ал оның 54 пайызы электронды түрде  Egov.kz порталы арқылы жүзеге асырылды. Бұл дегеніміз цифрландыру мәселесі жоғары деңгейде болып жатқанына көз жеткізе аламыз", – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.

Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге қаражат бөлінген.

41 мыңнан астам азамат қажетті құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ шаһарда былтыр 100 автокөлік «Инватакси» қызметін ұсынса, биыл оның санын 130-ға жеткізу жоспарда бар.

Ал ITeachMe қоғамдық қорының директоры Захира Бегалиеваның айтуынша, Алматы қаласы инклюзивті орта құру бойынша Қазақстанда көшбасшы орынға ие.

"Көбіне мүгедектігі бар адамдарға қайырымдылық шаралардың аясында тексеретінбіз.  Ал қазір инклюзивті саясат мүмкіндігі шектеулі жандарды құқығы бар деп қарастырады, тең мүмкіндікті ортада өмір сүреді", – деді IteachMe қоғамдық қорының директоры Захира Бегалиева.

Зейнеткерлер де назардан тыс қалмайды. Алматыда белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істеп тұр. Ал оған келушілер саны 7 есеге өскен. Онда білім беру бағдарламалары мен түрлі тренингтерден бастап дене шынықтыру, йога, би және шығармашылық шеберханаларға дейін 40-тан астам тегін қызмет ұсынылады.

–Қазіргі таңда аталарымыз бен апаларымыз өте белсенді. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 74 жасқа жетті. Алматы қаласында 250 мыңнан астам зейнеткер тұрады, – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Сәуле Бекетаева.

Айта кетейік, алматылықтардың әлеуметтік әлеуетін жақсарту мақсатында былтыр 84,7 мың жұмыс орны құрылған. Жүйелі жұмыстың арқасында мегаполисте жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан 4,6 пайызға дейін төмендеген. Ал биыл тағы кем дегенде 76 мың азаматты жұмыспен қамту жоспарда бар.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Елімізде жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылуы мүмкін