Алматыда электроавтобустар жүретін жаңа бағыт ашылады

31.08.2025 14:08

Күн сайын жолға 25 автобус шығып, қозғалыс аралығы 4 минутты құрайды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда қоғамдық көлікті жаңарту және экологиялық жағдайды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Қалалық мобильділік басқармасы жаңа бағыт ашып, оны электроавтобустармен қамтамасыз етпек, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

№90 бағыттағы автобус Абай даңғылы бойымен – К.Медеубеков көшесінен Республика сарайына дейін қатынайды. Бұл жаңа бағыт Наурызбай ауданындағы Қалқаман және Шұғыла шағынаудандары тұрғындарының қатынасын жеңілдетеді.

Бағытта ұзындығы 12 метрлік «Golden Dragon» маркалы электроавтобустар қызмет көрсетеді. Олар дыбыссыз жүріп, салқындатқыштармен, бейнебақылау камераларымен, USB-ұяшықтарымен, жүргізушіні қадағалау жүйелерімен және өзге де заманауи құралдармен жабдықталған.

Жолаушыларды «Алматыэлектротранс» коммуналдық кәсіпорны тасымалдайды. Күн сайын жолға 25 автобус шығып, қозғалыс аралығы 4 минутты құрайды. Жаңа бағыт 2 қыркүйектен бастап жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Алматыда алғашқы Цифрлық медицина орталығы ашылып, үш медициналық ұйым жаңартылды