Алматыда «Еңбек адамы» марапаты кімдерге табыс етілді

27.09.2024 в 21:22

15 сала бойынша үздіктер марапатталды

«Елімізде еңбекқор әрі кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Мұндай азаматтар мемлекетімізді дамытады». Осылай деген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету қажеттігін баса айтты. Соған сай, бүгін Алматыда сала үздіктерін анықтайтын «Еңбек адамы-2024» жобасы қорытындыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.     

Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда еңбек адамына деген құрметті арттыру, жастарға адал істі үлгі ету. «Еңбек күні» мерекесіне орайластырылған салтанатты жиын барысында 15 сала бойынша үздіктер марапатталды.  

«Мұндай іс-шараның маңызы өте зор. Президентіміз еңбек адамын біз құрметтеуіміз керек, еңбек адамының мәртебесін арттыруымыз керек деп айтты. Мұндай іс-шаралар жылда жалғасады. Мерекеміз еңбек адамының мәртебесін арттыруға үлес қосады деп ойлаймын», - деді қалалық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков.

Марапатқа ие болғандар қарапайым еңбек адамының қызметі еленіп, бағаланып жатқанына дән риза. «Жобаны жүзеге асырып жатқан ұйымдастырушыларға, марапатқа ұсынған басшылыққа алғысым шексіз» дейді мемлекеттік қызмет саласы бойынша үздік деп танылған азамат.

«Әрине, әркім де өз еңбегінің еленгенін қалайды. Осы тұрғыдан алғанда жоба біздің жұмысымыздың заңды нәтижесі ретінде бағаланғанына зор ризашылығымызды білдіреміз», - деді мемлекеттік қызмет саласының үздігі Нұрмұха Шаймерденов.

«Осындай жақсылықтар көп болсын. Еңбек адамдарын елей отырып, құрмет көрсете отырып, жастарымыздың болашақта бізден де керемет еңбек етуіне, еліне қызмет етуіне, адал болуына, сол еңбегінің рақатын көруіне тілектестігімді білдіремін», - деді Қазақстанның тұңғыш еңбек ері Аягүл Миразова.

Оқи отырыңыз: Алматы мұражайларына бір жылда 140 мыңнан астам турист барған