Тиісті нәтижеге қол жеткізуде жүйелі тәсіл шешуші рөл атқармақ
Алматыда «Алматыдағы ауа сапасын жақсарту үшін Қытай тәжірибесі» атты халықаралық семинар өтті. Іс-шара ауаның ластануын төмендету тәжірибелеріне және оларды қала жағдайына бейімдеу мүмкіндіктеріне арналды, деп хабарлайды Аlmaty.tv..
Талқылаудың негізгі бағыты — Қытайдың ауа ластануымен күресудегі тәжірибесі және оны 2025 жылы желтоқсанда қабылданған Алматыдағы атмосфералық ауаны қорғау қағидаларына сәйкес қолдану мәселесі болды.
Іс-шараны Almaty Air Initiative жобасы Алматыны дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырды. Семинарға Қытайдың экологиялық ғылымдар жөніндегі ғылыми-зерттеу академиясының (CRAES) мамандары, сондай-ақ «Eco Almaty» ЖШС мен қалалық экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері қатысты.
CRAES деректеріне сәйкес, 2013 жылдан бастап Қытайда ауадағы PM2.5 ұсақ бөлшектерінің деңгейі он жыл ішінде шамамен 64%-ға төмендеген. Сонымен қатар осы кезеңде ел экономикасы 61%-ға өскен. Қытайлық сарапшылардың бағалауынша, «бұл экологиялық саясат пен экономикалық даму бір мезгілде жүзеге асып, бір-біріне қайшы келмейтін үдерістер екенін көрсетеді».
Тиісті нәтижеге қол жеткізуде жүйелі тәсіл шешуші рөл атқарды: күнделікті мониторингке негізделген ұлттық жоспар іске қосылып, шаралар ластанудың негізгі көздеріне бағытталды.
«Біз мәселенің ауқымын нақты деректер арқылы көрдік: ластану 1,3 млн шаршы шақырымға дейінгі аумақты қамтып, кейбір кезеңдер үш аптаға дейін созылды, ал зиянды бөлшектердің концентрациясы бір текше метрге 500 микрограмға дейін жетті. 2013 жылы күнделікті мониторингке негізделген ұлттық жоспар іске қосылып, нақты ластану көздеріне бағытталған шаралар қабылданды. Жұмыс энергетика, өнеркәсіп, көлік және жылыту салалары бойынша жүргізілді», — деді академияның вице-президенті Куан Чжан Джюнь.
Семинарға қатысушылар Алматыда қолдануға болатын бірқатар практикалық шешімді айтты. Атап айтқанда, экологиялық таза отын түрлеріне көшу, өнеркәсіпті жаңғырту, автопаркті жаңарту, экологиялық талаптарды күшейту және шаң шығарындыларын бақылау ұсынылды.
Сондай-ақ атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі жаңа қағидалар Алматының ерекшеліктерін ескере отырып, мұндай тәсілдерді кезең-кезеңімен енгізуге негіз болатыны айтылды.
Осындай сараптамалық кездесулер жүйелі шешімдер әзірлеуге және Алматыдағы ауа сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматыда «жасыл» энергетиканы дамыту аясында заманауи қоқыс өңдеу зауыты салынады