Алматыда қала әкімінің төрағалық етуімен инвестициялық штабтың отырысы өтті

20.06.2025 11:45

Жиын қорытындысы бойынша әр жобаға жауапты тұлғалар бекітіліп, әкімшілік тосқауылдарды жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды шаһардағы инвестициялық ахуалды жақсартуға және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған негізгі диалог алаңы – инвестициялық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиын барысында инвесторлар мен салалық басқарма басшылары арасында ашық әрі сындарлы диалог өтті. Қатысушылар қазір жүзеге асырылып жатқан жобалар, мемлекеттік қолдау тетіктері мен әкімшілік кедергілерді еңсеру жолдарын кеңінен талқылады.

Штаб аясында өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика, электрондық сауда және логистика салаларындағы, оның ішінде шетелдік капиталдың қатысумен жүзеге асырылатын 9 инвестициялық жоба қаралды. Жалпы құны шамамен 339 миллиард теңге болатын жоба шеңберінде 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жобалар сметалық құжаттаманы әзірлеуден бастап құрылыс жұмыстарына дейінгі әртүрлі сатыда. Әсіресе, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мен жобаларды межелі мерзімде іске қосу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Жиын қорытындысы бойынша әр жобаға жауапты тұлғалар бекітіліп, әкімшілік тосқауылдарды жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Инвестициялық штабтың жұмысы тұрақты түрде жалғасады.

Оқи отырыңыз: Қала әкімі Үлкен Алматы шатқалындағы жобалардың жүзеге асу барысымен танысты