Алматыда Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған форум басталды

12.11.2024 09:06

Форумның ашылуында қала әкімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жеделхатын оқып, университет ұжымын мерейтоймен құттықтады

Биыл Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне 90 жыл. Алматыда жоғары білім ордасының мерейтойы мен қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлының 125 жылдығына арналған ауқымды форум басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның ашылуында қала әкімі Ерболат Досаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау жеделхатын оқып, ұжымға ризашылығын білдірді. Бес күнге созылатын жиынға 22 елден 200 ұйым мен кәсіпорынның, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, сондай-ақ елшіліктердің өкілдері қатысады.

"Стипендиядан бастап арнайы постдокторлық грант, доктарантураға арналған гранттар, қысқамерзімдік арнайы бағдарларамалар жас мамандарға арналған мүмкіндіктер жасалып отыр. Сонымен бірге 500 ғалым жобасына профессорлар, академиктер де қатыса алады. Сонымен бірге арнайы жас ғалымдарға бөлек грант, қаржыландыру конкурстары бар", – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы қазұтзу зертхана жетекшісі Сейітхан Азатұлы.

Форум аясында мемлекет, ғылым және бизнестің өзара әрекеттестігі, жас ғалымдардың мансаптық өсуі жөнінде панельдік сессиялар ұйымдастырылады. Бағдарлама барысында университетке қарасты озық технологиялармен қамтылған зерттеу орталықтарын ашу жоспарланған. Оның ішінде STROYTECH инженерлік орталығы мен технопаркінің, Массачусетс технологиялық институтының стандарттары бойынша құрылған FabLab жобасы бар.

"Бұл –  индустриямен тікелей байланысты және өндірістегі проблемаларды шешуге арналған зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған лаборатория", – деді Ө. А. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының директоры Қанай Рысбеков.

Жақында Сәтбаев университеті екі тарихи жетістікке қол жеткізді. Университет QS Stars сыйлығына ие болып, халықаралық серіктестермен білім беру бағдарламаларының жоғары деңгейін растады. Сонымен қатар, Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Азиядағы үздік 100 университеттің қатарына еніп, 4000 азиялық жоғары оқу орнының арасында позициясын нығайтты. Ол Shanghai University, Pusan National University сияқты университеттермен қатар тұрып, University of Macau, Singapore Management University секілді беделді азиялық жоғары оқу орындарын басып озды.

Оқи отырыңыз: Жайлы мектеп: Алатау қаласында білім ордасы қолданысқа берілді