Алматыда Қазақстандағы алғашқы заманауи өнер мұражайы ашылды

09.09.2025 20:28

Жаңа мұражай дүйсенбіден басқа күндері сағат 11:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді

Алматыда Қазақстандағы алғашқы заманауи өнер мұражайы ашылды. Аумағы 10 мың шаршы метр болатын жаңа мәдени нысанды әлемдік деңгейдегі сәулет фирмасы жобалапты. Оңтүстік Астананың қақ ортасында орналасқан музейде халықаралық деңгейдегі көрме залдары, шығармашылық кеңістіктер мен мүсіндер аллеясы бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алатаудың баурайында бой көтерген заманауи өнер мұражайының құрылысы 2022 жылы басталған. Үш жыл бойы британдық Chapman Taylor сәулет бюросы әзірлеген жоба латынның қос L әрпі пішінінде тұрғызылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл табиғат пен заманауи қаланың үндестігін байқатады. Ал мұражайдың негізін қалаған кәсіпкер әрі меценат Нұрлан Смағұлов мәдени кеңістікті елдің рухани өміріне тың серпін қосатын ірі қадам деп санайды.

«Almaty Museum of Arts мұражайын ашып отырмыз. Отандық және шет елдің 80-нен астам журналисін шақырып, таныстырып жатырмыз. Жобаға 30 жыл уақытым кетті. Себебі осы уақыт аралығында Орталық Азия мен басқа елдерден жинақталған 700-ден астам өнер туындысын мұражай қорына таңдап, көпшілікке ұсындық. Мұнда қонақжайлылық, Қазақстан тарихындағы қоныс аудару мен мәдени алмасу тақырыптарына арналған туындылар қойылды. Мұражай құрылысына салынған инвестиция шамамен 120 миллион теңге болады. Бұл – өнерге деген сүйіспеншілігім», – деді Almaty museum of Arts мұражайының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

Аумағы 10 мың шаршы метрден асатын жаңа мұражайдың бірінші қабатында төбесі 12 метрге жететін «Ұлы Дала» залы, «Сарыарқа» көрме алаңы және әйгілі мүсінші Ричард Серра туындыларына арналған арнайы кеңістік орналасқан. Ал екінші қабатта заманауи өнер шеберлері Яйои Кусама, Билл Виола және Ансельм Кифер секілді әлемге танымал суретшілердің жұмыстары қойылған. Сондай-ақ музейде 180 шаршы метр аумақты алып жатқан өзгермелі кеңістік қарастырылған. Бұл зал әртүрлі іс-шаралар мен экспозицияларды ұйымдастыруға бейімделген.

«Қазақстанда басқа да мұражайлар бар. Бірақ Қазақстандық мұражайлар жергілікті суретшілердің жұмысын ұсынады. Ал жергілікті суретшілердің де, әлемнің түкпір-түкпірінен алып келеміз. Қазақстандықтар жұмыстарды көру үшін Францияға, Жапонияға барып керегі жоқ. Олар біздің мұражайға келеді. Біздер олар үшін небәрі 2 мың теңге. Сол бағаға келіп таңнан кешке дейін бәрін көруге болады», – деді Almaty Museum of Arts мұражайы коммуникация бөлімінің жетекшісі Адиса Кин.

Жаңа мұражай ауласында да өнердің айшықты үлгілері қойылған. Келушілерді ең әуелі испан мүсіншісі Жауме Пленсаның «Надэс» атты алып мүсіні қарсы алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаланың қарбалас ырғағында ол тыныштық пен ой толғауға жетелейді. Ал Берлиндік Алисия Кваденің граниттен жасалған алып сфералары уақыт пен кеңістік жайлы философиялық ойға жетелейді.

«Мұражай көпшілікке 2 ірі жобаны таныстырды. Оның ішінде музейдің негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың жеке топтамасынан қойылған «Qonaqtar» және қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның «Мен бәрін түсінемін» атты ретроспективалық көрмесімен ашылды. «Қонақтар» көрмесі қонақжайлық дәстүрі мен көші-қон тақырыбын терең сараласа, қазақстандық суретшінің «Мен бәрін түсінемін» көрмесі экология, тұлғалық саясат және Орталық Азия мифологиясы тақырыптарын қозғайды», – деді Almaty Museum of Arts мұражайының көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиева.

Айта кетейік, жаңа мұражай келушілерді дүйсенбіден басқа күндері сағат 11:00-ден 20:00-ге дейін қабылдайды. Билет құны ересектер үшін – 2000 теңге, ал оқушылар үшін – 500 теңге. Сонымен қатар түрлі санаттағы азаматтарға қосымша жеңілдіктер мен тегін кіру мүмкіндіктері қарастырылған.

Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Жолдауда айтылған мәселе: Алматыда 3 кемпинг аймағы ашылады