Алматыда кезекте тұрғандарға жаңа пәтердің кілті табысталды

04.11.2024 12:04

Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы жастарды қолдауға және жеке баспана сатып алуға ынталандыруға бағытталған

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 2024 жылы лы қаладағы коммуналдық тұрғын үй қорынан 2000 жалдамалы пәтер бөлінді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл баспананы жетім балалар, ардагерлер, 1 және 2 топ мүгедектері, толық емес және көпбалалы отбасылардың мүшелері, зейнеткерлер және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар – барлығы 201 адам алды.

Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындарды құттықтап, оларға техникалық мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндірді.

"Бұл мен үшін өте маңызды сәт. Мен жаңа, заманауи үйден пәтер алғаныма қуаныштымын. Баспананы 2013 жылдан бері күттім. Бұған дейін жекеменшік секторда үй жалдап тұратынмын. Үй алуға мүмкіндік беретін қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға өте ризамын", – деп кезекте тұрғандардың бірі Зульфира Халиулова қуанышын бөлісті.

Бірінші жартыжылдықта Наурызбай және Медеу аудандарында 1080 отбасы жалдамалы тұрғын үй алды.

Қараша айында тағы 920 алматылыққа кілт табысталып, олар Наурызбай ауданындағы жаңа пәтерлерге қоныстанады деп жоспарланып отыр.

Бөлінген 2000 пәтердің 400-і жетім балаларға, 250-і ерекше қажеттілігі бар адамдар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және 1350-і басқа санаттарға (ардагерлер, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және т.б.) берілді.

Сонымен қатар, биыл жұмыс істейтін алматылық жастар үшін 2100 жалдамалы пәтер берілді. Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы жастарды қолдауға және жеке баспана сатып алуға ынталандыруға бағытталған.

Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдау шартында ай сайынғы төлем мөлшері 7-ден 15 мың теңгеге дейін белгіленген, сатып алу құқығы мен жалдау мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылмаған. Бұған қоса, жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үйді жалдаушылар үш жыл ішінде кейіннен екінші деңгейлі банктерден ипотека арқылы баспана сатып алу үшін депозитке қаражат жинауға міндетті.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Халық қатысатын бюджет» үздік жобаларына дауыс беру аяқталды