Мерекеге 700-ден астам адам қатысты
«Қариясы бар ел – қазыналы ел». Қартын ардақтаған алматылықтар Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған IV «Ұзақ өмір» фестивалін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мұрындық болуымен өткен мерекелік концертте егде жастағы қала тұрғындары өз өнерін паш етіп, жиылған қауымға өмірге деген құштарлықтарын көрсетті. Сондай-ақ шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылды.
Жыл сайын Қарттар күніне орай өтетін бұл игі шараның қатысушылар қатары жыл санап артып келеді. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған фестиваль шаһардағы 700-ден астам егде жастағы тұрғынның басын қосты. Олардың барлығы – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушылары. Өмірге құштар қариялар салтанатты рәсімге сәнденіп келіп, сахнаның жарық жұлдызы болуға дайын екендерін жеткізді.
«Өзімнің әріптестерімді, құрбы-құрдастарымның барлығын осы мерекемен құттықтаймын. Мұнда келгенде жасарып кеткендей боласың. Ішкі дүнием осы орталыққа асығып тұрады, маған өте ұнайды. Әлі де хабарсыз жүрген құрбы-құрдастарыма айтарым, барлығыңыз осы жерге келіңіздер, уақыттарыңызды мәнді де сәнді өткізуге барлық жағдай жасалған», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушысы Тұрған Дінәсілова.
Іс-шара ең алдымен қолданбалы өнер көрмесінен басталды. Онда ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдардың қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Артынша мерекелік концерт мемлекеттік әнұранмен басталып, орталық қызметкерлері марапатталды. Ал қариялар ән айтып, күй шертті, тіпті сән үлгісін көрсетіп, мың бұрала би биледі.
Екі сағатқа созылған шараға қала тұрғындары, зейнеткерлер, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік мекеме өкілдері арнайы қонақ ретінде қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – аға буын өкілдерінің денсаулығын жақсартып, белсенді өмір сүруіне және шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасау.
«Бүгінде бес жоғары оқу орнымен бірігіп, бізге келіп жатқан апаларымыз бен аталарымыз білім алуда. Мысалы, олар ағылшын тілін меңгеріп, киберқауіпсіздік, мобилография бағытында оқып, тіпті қысқа метражды фильмдер түсіріп жатыр. Сондай-ақ экскурсовод мамандығы бойынша да сабақтар өтуде», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Сәуле Бекетаева.
Айта кетейік, бүгінде Алматы қаласында 22 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Ондағы қатысушылар саны биыл 11 мыңға жуықтаған. Егде жастағы азаматтарға медициналық-сауықтыру, психологиялық, білім беру, мәдени, спорттық, еңбек терапиясы, құқықтық және әлеуметтік бағыттар бойынша 70-тен астам қызмет түрі тегін көрсетіледі.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, Almaty TV