Ісіне адал, жауапкершілігі мол жандардың қоғамда алар орны қашанда жоғары
Мүгедектігі бар жолаушыға көмек беріп, қамқорлық танытқан №66 автобустың жүргізушісі бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың алғысын алды. Жұмысына адал, ісіне тиянақты Қанат Ахметов жөніндегі жазбалар бұған дейін әлеуметтік желілерде таралып, тұрғындардың көңіліне мейірім ұялатқан еді. Сол себепті үлгілі азаматқа арнайы сыйлық та табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы қоғамдық көлік жүргізушілері мүмкіндігі шектеулі жандарға қаншалықты көмек көрсетеді? Мінеки, дәл осы сұрақтың жауабын білу үшін біз шаһардағы аялдамалардың біріне келіп тұрақтадық. Қазір эксперимент жасап көреміз. Оған Маржан есімді кейіпкеріміз көмектеседі. Жүргізушілерден күтетініміз бір-ақ нәрсе – олар өз міндетін орындап, жиектасқа жақынырақ тоқтап, жолаушыны автобусқа мінгізуі қажет.
"Олай істеу – міндетіміз. Әрине, үлкен кісілерге, кішкентай балаларға, мүгедек жандарға көмектесу керек", - дейді Қайрат Сариев.
Тәжірибе көрсеткендей, он шақты автобустың ішінде жиектасқа жақынырақ келгендері де болды. Ал жүргізушілері бірден көмекке ұмтылды. Бірі қоғамдық көліктің лық толы болғанына қарамастан, жолаушыны ішке кіргізіп, ыстық ықыласын танытты.
"Мысалы, №232 маршрутына жиі отыратын 3 бала бар. Олар автобусқа Абылай хан даңғылынан әрқашан отырады. Сондай балалар күніне екі-үш рет кездеседі", - дейді жүргізуші Бақытбек Тәженов.
"Арбаға таңылған адамдарға қалай дегенмен де өзгенің көмегі керек. Себебі қарапайым жиектастан да түсе алмай қалып жатамыз, баспалдақтан көтеріле алмаймыз, сол кезде бізге бәрібір көмек керек болады", - дейді қала тұрғыны Маржан Біләлова.
Иә, ісіне адал, жауапкершілігі мол жандардың қоғамда алар орны қашанда жоғары. Ізгі адамның көп қараның арасынан бірден көзге түсетіні де белігілі. Танымал экобелсенді Евгений Мұхамеджанов жариялаған жазба соны дәлелдейді. Жолаушысының қамын ойлап, қол ұшын созған жүргізуші бүгін қала басшылығының алғысхатын иеленді.
"Жандосов көшесінің бойында, Айманов көшесіне қарай жүретін бағытта келе жатқанымда аялдамада тұрған жарымжан кісіні көрдім. Содан соң жиектасқа тақай тоқтап, аялдамада көмек қолын создым", - дейді жүргізуші Қанат Ахметов.
Қызығы сол, Қанат Әбсаттарұлының "Алматыэлектротранс" мекемесінде жұмыс істеп жүргеніне 1 жылдан аса уақыт өтіпті. Ол жақсылық жасау әркімнің қолынан келетінін айтады.
Еске салайық, Алматыда бір күнде 2700-ге жуық қоғамдық көлік желіге шығады. Ал көмекке мұқтаж жандар осындай игі істің үлгіге айналғанын қалайды.
Рүстем Айткәрім, Әлишер Ерғалиұлы, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда жолаушыға қамқорлық көрсеткен автобус жүргізушісіне әкімнің атынан алғыс айтылды