Биылғы құрам 42 мүшеден тұрады
Алматыда Қоғамдық кеңестің IV шақырылымының алғашқы ұйымдастыру отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv
Кеңестің жаңа құрамына енген мүшелер алғаш рет бас қосып, куәлік пен төсбелгісін алды. Сонымен қатар, олар алдағы жұмыс бағыттарын да нақтылады. Жиында кеңес төрағасы сайланып, 6 түрлі бағыт бойынша тұрақты комиссия бекітілді. Кеңес мүшелері экономика, құрылыс, урбанистика, коммуналдық инфрақұрылым, туризм, экология, мәдениет, спорт, білім мен әлеуметтік салаларға жауапты болады.
«Қоғамдық кеңестің негізгі міндеті – мониторинг жүргізу. Бұл халықтың мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірін билікке жеткізудің тиімді жолы. Яғни кеңес – билік пен қоғам арасындағы ашықтық пен сенімді қамтамасыз ететін маңызды құрал. Бізге артылған сенімді ақтап, қоғаммен байланыс орнату бағытында белсенді жұмыс істейміз деп сенемін», – деді қоғамдық кеңестің төрағасы Махамбет Хасенов.
Айта кетейік, биылғы құрам 42 мүшеден тұрады. Олардың 70 пайыздан астамы – кеңеске алғаш рет кірген жаңа тұлғалар. Арасында жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, қандастар, этномәдени бірлестіктер мен түрлі қоғамдық ұйым өкілдері бар.
«Бүгінгі күн тәртібіндегі қоғамдық кеңестің құрылымын бекіттік. Яғни 6 комиссия бойынша қоғамдық кеңес мүшелері жұмысын атқаратын болады. Мен үшінші комиссия өкілі болып сайландым, яғни қаламыздағы түрлі коммуналды құрылымдар, энергетика және су тапшылығы, сонымен қатар қалалық байланыс бойынша комиссия құрамына мүше болып сайландым», – деді Жетісу комьюнити орталығының жетекшісі Әкежан Кеңесов.
Оқи отырыңыз: Қала сыртындағы жолдарда апат саны азайды