Қайта жаңғырту жұмыстары келер жылы жалғасатын болады
Алматыда әл-Фараби даңғылындағы газ құбырын қайта жаңғырту жұмыстарының мерзімі кейінге шегерілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Алматы өндрісітік филиалы жерасты газ құбырын қайта жаңғыртуды жоспарлаған болатын. Жоба Луганский мен Армян көшелерінен бастап, әл-Фараби даңғылы бойымен Esentai Mall автотұрағына дейінгі аумақты, сондай-ақ әл-Фараби даңғылынан Меңдіқұлов бульварына дейінгі бөлікті қамтиды.
«Жұмыстарды жаз айында жүргізу көзделген еді. Алайда ұйымдастыру мәселелеріне байланысты олардың басталуы кешікті. Жаңа оқу жылының басталуын, жоспарланған учаскелерде мектептер мен балабақшалардың көп шоғырланғанын және әл-Фараби даңғылындағы көлік қозғалысының күрделілігін ескере отырып, қала әкімінің тапсырмасымен аталған жұмыстар уақытша тоқтатылды», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің коммуникация және БАҚ-пен жұмыс бойынша кеңесшісі Ильзат Акчурин.
Айта кетерлігі, орта қысымды жерасты газ құбыры 1974 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда ол міндетті түрде қайта жаңғыртуды қажет етеді.
Реконструкция келер жылы, негізгі көлік қозғалысы азаятын жаз айларында басталатын болады.
Оқи отырыңыз: Алматыда Қазақстандағы алғашқы энергетикалық қалдықтарды кәдеге жарату зауыты салынады