Ұзындығы 40 шақырым болатын 15 магистральдық көше жөнделді
Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес 1 қыркүйекке дейін магистральдық көшелердің орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, ұзындығы 40 шақырым болатын 15 магистральдық көше жөнделді. Олардың қатарында Қабанбай батыр, Қажымұқан, Жұбанов, Ұлықбек, Майлин, Бұқтырма, Мөңке би, Бекмаханов, Дулати, Серкебаев, Жароков, Төле би, Бөгенбай батыр, Тілендиев көшелері және Назарбаев даңғылы бар.
Сондай-ақ ұзындығы 117 шақырым болатын аудандық маңызы бар 123 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталды. Аудандық және жергілікті маңызы бар ұзындығы 120 шақырым болатын 188 көшеде жөндеу жұмыстары жалғасуда, олардың 60%-дан астамы қыркүйек айында, қалғаны 20 қазанда аяқталады.
«Осылайша, биыл жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын 326 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Бұл бұрынғы жоспардан 23 шақырымға қысқарды, себебі бірқатар көше астындағы инженерлік желілерді ауыстыру қажеттігіне байланысты тізімнен алынды», – деп хабарлады басқарма.
Бұдан бөлек, қалалық мобильділік басқармасы магистральдық және радиалды көшелерді жалғау, сондай-ақ Алғабас, Шұғыла, Ақжар, Боралдай, Жас Қанат, Рахат-Мәдениет шағынаудандарында жаңа жолдар салу жұмыстарын жалғастыруда.
Оқи отырыңыз: Алматыда электроавтобустар жүретін жаңа бағыт ашылады