Іс-шараға 30-ға жуық басқарманың өкілдері қатысты
Алматының Медеу ауданында мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара барысында тұрғындар мамандардан кеңес алып, өздерін толғандырған сұраққа жауап алды.
Жәрмеңкеде мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі, құжаттарды рәсімдеу және қызмет алу тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындар жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша да сауалдарын қойды.
Жалпы іс-шараға 30-ға жуық басқарманың өкілдері қатысып, күні бойы тұрғындарға кеңес берді.
– Бұл жерде тұрғындар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қатысты көкейінде жүрген барлық сұрақтарына толық жауап ала алады. Қазір мемлекеттік қызметтердің электронды және автоматтандырылған форматқа көшуі жүріп жатыр. Осыған байланысты толық түсініктеме беріледі. Бұдан бөлек, өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекеттік қызметтерге ғана емес, әкімдіктің құзыретіне кіретін басқа да мәселелер бойынша сұрақтар қойылып жатыр, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басқармасының басшысы Мақсат Жаңбыршиев.
Жәрмеңкеде кәсіпкерлік қызметке қатысты мәселелер де көтерілді. Тұрғындар, соның ішінде тез дайындалатын тағамдарды сату кезінде қандай рұқсат құжаттары қажет екенін сұрады.
– Тез дайындалатын тағамдарға қатысты «қазіргі қызметім заңды ма, рұқсат құжатын қалай алуға болады, қандай құжаттар қажет?» деген сияқты сұрақтар қойылып жатыр. Біз барлығын толық түсіндірдік. Қандай жағдайда рұқсат алу қажет екенін, ал қандай жағдайда рұқсат құжатын алмай-ақ, хабарлама жіберу арқылы қызметті жүзеге асыруға болатынын түсіндірдік, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Мейірхан Мұхамедиев.