Патриоттық іс-шара тау баурайындағы «Медеу» спорт кешенінде ұйымдастырылды
Тәуелсіз елдің егемендігін айшықтайтын нышандар 1992 жылдың 4- маусымында бекітілді десек, сол тарихи күн мереке ретінде 2007 жылдан бері тойланып келеді. Рәміздерді ұлықтап, құрмет көрсетуге асыққан алматылықтар «Медеу» спорт кешеніндегі көк байрақтың көтерілгенін тамашалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ту, Елтаңба, Әнұран! Бұл мемлекеттік рәміздер – еліміздің біртұтастығы мен тәуелсіздігін бейнелейді. Бүгін – айтулы күн. Себебі Медеуде Мемлекеттік рәміздер күніне орай, көк байрағымызды салтанатты түрде Ту көтеру рәсімі өткізілді. Іс-шараға мыңдаған адам жиналып, әнұранды бір уақытта шырқады.
Байрақ көтеру салтанатты рәсімін «Батыр» президенттік полкінің арнайы тобы өткізді. 40 метр биіктікте асқақтаған тудың ұзындығы – 14, ені – 7 метр.
«Бұл – еліміздің ұлық мерекелерінің бірі. Себебі ұлттық рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақ азаматының міндеті, борышы», – деді қала тұрғыны Ләззат Сыздықова.
«Жас буын болғандықтан өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі көрсетіп, рәміздер күнін насихатауымыз керек», – деді қала тұрғыны Шоқан Төлеубай.
Мерекелік жиынға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, әскери қызметшілер, өнер, мәдениет және спорт қайраткерлері мен жастар ұйымының өкілдері де қатысты. Рухани-мәдени іс-шара кейін концерттік бағдарламаға ұласты.
«Рәміздерді міндетті түрде әлемде мемлекеттің ресми таңбасы деп көрсетеміз. Шын жүректен Қазақстан халқын ерекше мерекеменен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз жасай берсін. Бірлігіміз жарасып, Қазақстан халқы, қазақ жері, елі құлпыра берсін, өсе берсін», – деді Қазақстанның Еңбек ері Роза Рымбаева.
«Бұл – спортшылар үшін ерекше күн. «Көк тудың желбірегені, жанымға қуат береді «демекші, Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында барымызды салып көк туды көтеруге тырысамыз. Қазақстандықтардың отбасына жақсылық тілеймін! Алға, Қазақстан!», – деді олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов.
Іс-шарада елге танымал әншілер өнер көрсетіп, көпшіліктің көңіл-күйін айтарлықтай көтерді. Келушілер би билеп, естелікті қалта телефондарына түсіріп, ерекше әсерге бөленіп қайтты.
«Қалада екі-үш күннен бері көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Жастардың арасында патриоттық шаралар өткізіп, қала безендірілді. Барлық экранда бейнематериал орналастырдық. Конференциялар, дөңгелек үстелдер өтіп жатыр. Бұл – мемлекеттік рәміздерге көрсеткен құрметіміз», – деді қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков.
Қаладағы іс-шаралар легі мұнымен тоқтамады. Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылып Алматының әр ауданында басқосулар мен патриоттық жиындар өткізілді. Ең бастысы, бұл күнді қала тұрғындары аса ыждахаттылықпен атап өтті.
Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов, Ғани Қалуов
Оқи отырыңыз: Қазақстандық өнерпаздар «Цирк ханшайымы – 2025» халықаралық фестивалінде «Алтын тәжді» жеңіп алды