Кітапханада Мұхтар Әуезов пен ұлы Мұрат Әуезовке арналған мемориалдық бөлме ашылды
Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана ашылды. Мәдени мекеме бұрынғы №4 кітапхананың орнына бой көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһардың рухани өміріндегі елеулі оқиғаға зиялы қауым өкілдері, жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ жазушының ұрпақтары қатысты. Іс-шара барысында кітапхана ұжымына Мұрат Әуезовтің жеке қорынан кітаптар сыйға тарту етіліп, ұлы тұлғаның қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Сонымен қатар көрнекті ғалым Әлкей Марғұланның бұрын жарық көрмеген «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» атты еңбегінің тұсауы кесілді.
«Бұл Әуезов тәрізді сөз алыбының рухына мәңгілік тағым ете беруге тиіс екенімізді көрсетеді. Әуезовтің аты жүрген жердің бәрі киелі деп тағзым ете беру ләзім деп ойлаймын. Бүгінгі іс-шара құтты болсын, ағайын!» – деді Қазақстанның халық жазушысы Смағұл Елубай.
Сондай-ақ кітапханада Мұхтар Әуезов пен ұлы Мұрат Әуезовке арналған мемориалдық бөлме ашылды. Рухани сабақтастық пен шығармашылықтың ерекше ордасына айналған бұл кеңістікке жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің жеке заттары, сирек кәдесыйлар, үй жиһаздары мен бейнематериалдар қойылған. Іс-шараға қатысқандар қазақ мәдениетіне терең бойлап, ұлы тұлғалардың шығармашылық рухын сезінгенін айтты.
«Кітапханаға қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы, ірі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың аты берілуі – ол еліміздің, мемлекетшілдігіміздің нышаны деп білемін. Сондықтан да осы кітапханаға келіп, рухани азық алып, Әуезовтің шығармалары арқылы қазақтың болмысын танып, оның тамырына тереңдеу – әр азаматтың борышы», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов.
Оқи отырыңыз: Алматының жаңа әлеуметтік нысандары: шығармашылық орталық және заманауи емхана