Алматыда Оңғарсынов көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі

05.06.2025 14:50

Жоба аясында магистралды кәріз коллекторын төсеу жұмыстары жүргізілмек

Andreas Haubold/unsplash.com/

2025 жылғы 5 маусым мен 30 маусым аралығында құрылыс жұмыстарына байланысты Оңғарсынов көшесінің Қожабеков көшесінен Ақберен көшесіне дейінгі бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл туралы Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасынан мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл шектеу мегаполисте жүзеге асырылып жатқан «Алматы қаласының батыс кәріз коллекторын салу» жобасына байланысты енгізіліп отыр. Жоба аясында магистралды кәріз коллекторын төсеу жұмыстары жүргізілмек. 

Қозғалысқа уақытша шектеу енгізілген уақыт аралығында көлік қозғалысы балама бағыттар Несібе, Бес Арыс, Бөрілі Байрақ, Қожабеков және Ақберен көшелері арқылы жүзеге асатын болады.

Басқарманың мәліметінше, жоба аясында жалпы ұзындығы 34,9 шақырым болатын магистралды кәріз коллекторы салынады. Бұл жүйе Наурызбай және Алатау аудандарының 175 мыңнан астам тұрғынын, сондай-ақ Алматы облысындағы Қарасай мен Іле аудандарындағы 20 мыңға жуық тұрғынды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосуға мүмкіндік береді

Айта кетейік, қозғалысты шектеуге қатысты барлық ақпараттар Almaty.kz сайтында, @AlmatyJoly Telegram-арнасында, аудан әкімдіктері мен басқармалардың әлеуметтік желідегі парақшаларында, сондай-ақ «2GIS» пен «Яндекс карта» сервистерінде қолжетімді.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, сіздерден қозғалыс бағыттарын  алдын-ала жоспарлауды және уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз!

Оқи отырыңыз: Көше жарығын жаңғырту: Алматы әкімі жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды