Алматыда Республика күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

25.10.2025 20:53

Алаңға 4 өңір мен 15 ауданнан ат басын бұрған диқандар үздік өнімдерін көпшілікке ұсынды

Алматыда кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Үш күнге жалғасатын сауда алаңына елдің түкпір-түкпірінен фермерлер жиналып, шамамен 400 тонна өнім алып келген. Осылайша, мегаполис тұрғындары мен қонақтары экологиялық таза тағамдарды тікелей өндірушілердің өзінен қолжетімді бағаға ала алады. Республика күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеге Аlmaty.TV тілшісі Әйкерім ПЕРНЕБЕК барып қайтты.

Жәрмеңке Қазыбек би көшесінде Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейінгі аралықта ұйымдастырылып, таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Алаңға 4 өңір мен 15 ауданнан ат басын бұрған диқандар үздік өнімдерін ала келіп, көпшілікке ұсынды. Мұнда ет пен сүт өнімдері, маусымдық көкөніс, жеміс-жидек, шұжықтар, жарма, ұн, өсімдік және жануар майлары бар.

Қазір біз Қазыбек би көшесіндеміз. Мерекелік жәрмеңкедегі сауда қатарлары Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейін созылған. Таңертеңнен бері мұнда адам қарасы қалың. Бірі сапалы ет іздесе, енді бірі балғын жеміс-жидекпен қамданып жүр. Әр өнімнің бағасы базардан төмен, себебі делдалсыз тікелей өндірушіден сатылып жатыр.  

«Мал шаруашылығымен айналысамыз. Осылай жәрмеңкеге келіп тұрамыз. Астана, Алматы қаласына барамыз. Әкімшілік шақырғаннан кейін төмен бағада ет береміз», - дейді кәсіпкер Архат Желдібаев (Семей).

«20 бас жас малдың етін алып келдік. Бұйырса, бүгін-ертең сатамыз. Халық үшін бұл – жақсы мүмкіндік. Өйткені 3200 теңге деген жас малға қолайлы баға. Ал көбірек алғандарға 3000 теңгеден береміз», – деді семейлік кәсіпкер Қымбат Қанапиянова.

Мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шарада 120 тоннаға жуық ет өнімі ұсынылған. 100 тонна көкөніс пен жеміс-жидек және 50 тоннаға жуық сүт өнімдері әкелінген. Жәрмеңке ұйымдастырушылары сұранысқа сай қор жеткілікті алынып, үш күн бойы баға өзгермейтінін айтады.

«Өнімдердің сапасы жақсы. Сондықтан мұнда бәрі жақсы тауар алып келуге тырысады ғой. Мен жылқы еті мен жая алдым, сондай-ақ алма мен жүзім сатып алдым», – дейді қала тұрғыны Мақсұт Тергеубаев.

«Соғым мен қысқа қажетті көкөністі, үйге қажет азық-түлікті жәрмеңкеден тиімді бағамен алуға болады. Бағалардың бәрі көрсетілген. Ет те, сүт өнімдері де арзан», – дейді Меркі ауданының тұрғыны Абылай Ақнұр.

«Жалпы, тұрғындар үшін өте жақсы шара деп ойлаймын. Шынын айтқанда, үнемі жәрмеңкеге баруға уақыт табыла бермейді. Бірақ мұндай жәрмеңкенің қаланың ортасында ұйымдастырылуы әрі бағаның тиімді болуы – өте қуанышты жағдай», – дейді қала тұрғыны Фарида Рашид.

Ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі - отандық шаруаларды қолдап, өңірлер арасындағы аграрлық байланыстарды нығайтуды мақсат етеді. Саудадан бөлек, келушілерге тегін дәм түрлері ұсынылды.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақы тазы әлемдік деңгейде мойындалды: Алматыда ерекше көрме өтті