Алматыда Республика күніне арналған флешмобқа 1 мың жас қатысты

22.10.2026 11:00

Флешмоб фортепиано мен ансамбльдің сүйемелдеуімен өтті

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Республика күні қарсаңында Алматыдағы Астана алаңында «Менің елім – менің болашағым» атты патриоттық флешмоб өтті. Іс-шараға 1 мың жас қатысып, ел болашағына үлес қосуға дайын екенін білдірді. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Флешмоб фортепиано мен ансамбльдің сүйемелдеуімен өтті. Қатысушылар көлемі 14×7 метр болатын Қазақстанның Мемлекеттік туын жайып, еліміздің Әнұранын бірге шырқады.

Бағдарламаның негізгі бөлімдерінің бірі жастардың Қазақстанға арнаған үндеуі болды. Қатысушыларға «Қазақстан, болашақта саған не қалдырамыз?» деген сұрақ қойылды.

Жастар білімді ұрпақ тәрбиелеу, қауіпсіз қоғам қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, әділдікті сақтау және ел тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосуға уәде берді.

«Мен білімді Қазақстанды қалыптастырамын!», «Мен қауіпсіз Қазақстан құрамын!», «Мен жасыл Қазақстанды сақтаймын!», «Әділетті Қазақстан үшін еңбек етемін!», «Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтамын!» деген уәделер айтылды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты, білімді әрі отаншыл азаматтарды тәрбиелеудің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Іс-шарада айтылған ойлар «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарымен де үндеседі. Бұл тұжырымдамада Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен нақты іспен, адал еңбекпен және қоғамға пайда келтіруге дайын болумен өлшенеді», – деді акцияны ұйымдастырушылар.

Олардың айтуынша, іс-шара жастардың ел болашағы үшін жеке жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық өмірге белсенді араласудың маңызын көрсетуге бағытталған.

Флешмоб соңында қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады.

Оқи отырыңыз: «Таза Қазақстан» феномені: қазақстандықтардың үштен бірі ел тазалығы үшін бірікті

Толық көрсету