Акцияға сауда-ойын-сауық орталықтары мен киім дүкендері де қосылған
Алматыда Республика күніне орай ұйымдастырылған «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары жалғасып жатыр. 17-27 қазан аралығында қала тұрғындары азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды жеңілдетілген бағамен сатып ала алады, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Акция аясындағы ең жоғары жеңілдіктер 23-27 қазан аралығында ұсынылады. Қатысушы сауда орындарында тауарлардың кейбір түрлеріне 10%-дан 70%-ға дейін жеңілдік қарастырылған. Жеңілдікке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық техника және үйге қажетті заттар кіреді. Нақты ұсыныстар мен жеңілдік шарттары әр сауда орнына байланысты өзгереді.
Акция отандық өндірушілерді қолдауға, тауарлардың халыққа қолжетімділігін арттыруға және ішкі сауданы жандандыруға бағытталған.
«Республикалық акциялар аясында сауда орындары сатып алушыларға тауарлардың кең түрін төмендетілген бағамен ұсынып отыр. Мұндай ұсыныстар әсіресе маусым ауысқан кезде, тұрғындар киім-кешегін жаңартып, үйге қажетті заттарды сатып алатын кезеңде сұранысқа ие болады. Сатып алушылар үшін бұл отбасы шығынын оңтайландыру мүмкіндігі, ал кәсіпкерлер үшін тұтынушылар санын, тауар айналымы мен сатылым көлемін арттыруға қосымша ынталандыру», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы сауда бөлімінің бас маманы Елнұр Нұрпейісов.
Акцияға сауда-ойын-сауық орталықтары мен киім дүкендері де қосылған. Кейбір сауда орындарында бірнеше тауарды бірге сатып алған жағдайда қосымша жеңілдіктер қарастырылған.
Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде жұмыс істейтін сатушының айтуынша, күз мезгілінде жылы киім мен маусымдық аяқ киімге сұраныс айтарлықтай артады.
«Қазір сатып алушылар күртелер мен қысқы аяқ киімдерге ерекше қызығушылық танытып отыр. Бірнеше тауарды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін арнайы ұсыныстар да сұранысқа ие. Мұндай жеңілдіктер суық мезгілге дайындалып, қажетті заттарды бірден сатып алуды жоспарлаған отбасылар үшін қолайлы», – деді сатушы.
Акция 27 қазанға дейін жалғасады. Жеңілдікпен сатылатын тауарлар мен ұсыныстар туралы толық ақпаратты акцияға қатысатын дүкендерден білуге болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда зейнетақы жүйесін жетілдіруге бағытталған қандай жұмыстар атқарылуда