Алматыда тағы үш қар еріту пунктін салу жоспарланып отыр

11.12.2025 15:49

Дархан Сатыбалды қаланы қардан тазарту жұмыстарын тексеріп шықты

«Қар жауған кезде көше бойын, жүргіншілер жолын, аялдамалар маңайын мұқият тазалау керек». Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мегаполиске ақ ұлпа қалың түскендіктен шаһар басшысы жер-жерді аралап, жұмыс сапасын бақылап шықты. Іс барысын тексеріп, қаладағы қар ерітетін пункттің қызметімен де танысты.

Ерекшелігі сол, бұл стансаның қуаттылығы тәулігіне 1200 текше метр ақ ұлпаны қабылдауға жетеді. Және тазалық жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.

Атап өтейік, қазір Бостандық ауданында да дәл осындай нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қала аумағында тағы 3 қар еріткіш станса салу жоспарланып отыр.  

«Өткен жылы қар еріту станциясын салдық. Биылға дейін ол өз тиімділігін дәлелдеді. Бұрын кептеліс кезінде жүк көліктері қар тасып үлгере алмайтын. Ал станция қаланың ішінде орналасқандықтан, қазір қарды жылдам жеткізуге мүмкіндік бар», – деді құрылыс компаниясының директоры Біржан Тоқтағұлов.

Оқи отырыңыз: Алматыда туризм саласы қызметкерлеріне арналған фасилитациялық сессиялар аяқталды