Алматыда тегін медициналық көмек жүйесі бойынша қандай маңызды өзгерістер енгізілді

14.01.2025 19:38

Былтыр шаһарда медициналық көмек көрсетуге 334,2 миллиард теңге жұмсалды

Биыл елде кепілдендірілген тегін медициналық көмекке 1,6 трлн теңге бөлінеді деп жоспарланған. Сондай-ақ бұл бағдарлама аясында ақысыз түрде жасалатын бірегей оталардың саны артып, халыққа одан әрі қолжетімді бола түспек. Алматыда тегін медициналық көмек жүйесінің арқасында науқастар шетел аспай күрделі операциялар жасатуға мүмкіндік алып жүр. Саладағы маңызды өзгерістер жайлы AlmatyTV тілшісі Әйкерім Пернебек біліп, мамандармен тілдесіп қайтты.  

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек алғашқы медициналық қараудан бастап, шұғыл жағдайдағы емдеу мен алдын алу шараларына дейінгі қызмет түрлерін қамтиды. Жүйенің қолжетімді болуы – басты талап, сондықтан көмекке мұқтаж тұрғындар арнайы сайтқа тіркелу арқылы кезекке тұрып, қажетті емге қол жеткізе алады. Операцияны тегін жасатқан азаматтар бағдарламаның тиімді екенін айтады.

"Маған бас сүйек трепанациясын істеді. Диагноз қойғаннан кейін нұсқаулық алдым, содан соң сайтта тіркелдім. Бір айдан соң операцияға жазылдым. Бәрі ойдағыдай өтті әрі ақысыз болды", - деді қала тұрғыны Олжас Бек.

Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласында медициналық көмек көрсетуге 334,2 миллиард теңге жұмсалды. Оның 175,7 миллиарды кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетін қаржыландыруға бөлінді. Нейрохирург Марат Алматов биылдың өзінде 700-ге жуық операция жасағанын айтады. Одан бөлек, біліктілігін арттыру үшін қосымша сабақтар алған.

"Кепілдендірілген медициналық арқылы осы көмектің бәрін тегін түрде ала алады. Қазіргі таңда осы бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Нейрохирургия медицинаның басқа бағыттары сияқты күрделі бағыт ретінде дамып келе жатыр. Оның бәрі инновацияға байланысты. Жалпы, медицинаға көңіл бөлгеннің арқасында қазір көп нәрсе алынған, шетелдегі көп құрылғылардың біразы бар", - деді №12 қалалық орталық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің басшысы Марат Алматов.

Денсаулық сақтау министрлігі мәлім еткендей, биыл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметін оңтайландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ осы жылдан бастап барлық онкоскрининг кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде қолжетімді болады.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: АЭС энергетика тапшылығынан бөлек, тағы қандай мәселелерді шешеді - маман жауабы