Осыған байланысты басқарма тарапынан әкімшілік шаралар қабылданды
Алматының Қалалық жоспарлау және қала құрылысы бақылау басқармасы Достық даңғылы, 44-үйдегі №142 тұрғын емес үй-жайға жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тексеру барысында меншік иесі тиісті рұқсатсыз және жобалық құжаттамасыз қайта жаңғырту жұмыстарын бастағаны анықталды. Осыған байланысты басқарма тарапынан әкімшілік шаралар қабылданды.
Нысан иесіне анықталған заңбұзушылықтарды жою, ғимаратқа техникалық тексеру жүргізу және белгіленген талаптар орындалғанға дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату туралы нұсқама берілді.
Сонымен қатар тексеру барысында жүргізілген жұмыстар ғимараттың көтергіш құрылымдарына әсер етпегені және олардың тұтастығына зақым келмегені анықталды. Тұрғындар нысанға шақырылып, басқарма қызметкерлері тексеру нәтижесін сол жерде түсіндірді.
Айта кетейік, меншік иесі нұсқамада көрсетілген талаптарды орындап, қажетті құжаттарды рәсімдегеннен кейін ғана жұмысты жалғастыра алады.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Халықаралық шахмат федерациясының президентін қабылдады