Мегаполисте «Тамырлас» жобасы басталды
Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өткен жалпықалалық сенбілік мазмұны терең, тағылымы мол іс-шараға айналды. Қалалық білім басқармасы бастамашы болған «Тамырлас: ұрпақтар сабақтастығы» жобасы «Ұрпақтар аманаты — жасыл Алматы» ұранымен 5 мыңнан астам педагогты, тәрбиешіні, студент пен оқушыны бір мақсатқа жұмылдырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараның негізгі ордасы — Инновациялық шығармашылық орталығы. Көктемгі жаңару мен Наурыз мерекесінің шаттықты лебі сезілген бұл жерде ерекше жылылық пен рухани үйлесімге толы көрініс қалыптасты. Осында «Тәлімгерлер аллеясының» іргесі қаланып, ол аға буынның парасаты мен өмірлік тәжірибесін, жастардың жігері мен табиғатқа деген жанашырлығын тоғыстырған символдық кеңістікке айналды.
Мерекелік жиын әсем ән мен күмбірлеген күйге, ұлттық би мен қазақы дастарқанға ұласты. Қонақтарға наурыз көже мен бауырсақ ұсынылып, сенбілік тек еңбек мерекесі ғана емес, елдік пен бірліктің, табиғатқа жанашырлықтың жарқын көрінісі ретінде өрбіді.
Іс-шараның мәнін арттырған ерекше сәттердің бірі — «Тәрбие талы» атты тағылымды эстафета болды. Бұл игі бастамаға Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, еңбек сіңірген ұстаз Татьяна Белоусова, ардагер педагогтер, жас мамандар мен мектеп көшбасшылары қатысты. Аға буын өкілдері жастарға өмірлік тәжірибесін бөлісіп қана қоймай, ақ батасын беріп, жүрекжарды тілек арнады.
Егілген әрбір тал – тағылымға толы тарихтың бір бөлшегіне айналды. Арнайы тақтайшадағы QR-код арқылы тәлімгерлердің өмір жолы мен келешек ұрпаққа қалдырған өсиеттерімен танысуға болады. Осылайша аллея ашық аспан астындағы рухани мұраға, тәлім мен тәрбие тоғысқан ерекше білім кеңістігіне айналды. Бұл бастама «Таза Қазақстан» идеясының тек экологиялық мәдениетпен ғана шектелмей, оның тәрбие, тарихи жады және азаматтық жауапкершілікпен тығыз сабақтас екенін айқын көрсетті.
— Бүгін біз «Ағартушылар аллеясының» негізін қалап отырмыз. Бұл ұрпақтар арасындағы байланысты бекемдейтін маңызды қадам. Жастар тәрбиесі — баршамызға ортақ міндет. Біз білім мен тәжірибенің сабақтастығын дәріптей отырып, ағаш егуді осы құндылықтың белгісі ретінде қабылдаймыз. Қаламыз көркейіп, жасыл желекке оранып, ұрпағымыз елге қызмет етер парасатты азамат болып өссін, — деді Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова.
— Бұл жай ғана көгалдандыру шарасы емес, бұл тірі тарих қалыптастыру. Әрбір ағаштың иесі бар. QR-код арқылы оқушылар ұстаздардың өмір жолымен танысып, олардың өсиетін оқи алады. Бұл цифрлық дәуірдегі рухани сабақтастықтың көрінісі. Біз экологиялық мәдениет пен ұстаз еңбегіне деген құрметтің қатар жүргенін қалаймыз, - деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Аралбаев.
«Тамырлас» жобасы бір ғана алаңмен шектелмеді. Алматыдағы мектептерде, балабақшаларда және колледждерде аумақтарды көркейту, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Ұстаздар мен оқушылар бірлесіп, айналаны көркейтіп, ағаш пен гүл екті. Осы арқылы олар елдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, «Таза Қазақстан» бағдарламасының құндылықтарын дәріптеуге үлес қосты.
Оқи отырыңыз: Алматыда Журналистер аллеясы пайда болды