Мемлекеттік Әнұран шырқалған салтанатты іс-шараға жастар, әскери курсанттар мен студенттер қатысты
Ел тарихындағы жаңа конституциялық кезең бүгін ресми түрде басталды. Осыған орай Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көк байрақтың көкте желбіреуі – жаңарған Ата Заңның күшіне енуімен қатар, елдің егемендігі мен бірлігін айшықтаған ерекше сәтке айналды. Мемлекеттік Әнұран шырқалған салтанатты іс-шараға жастар, әскери курсанттар мен студенттер қатысты. Ел рәмізіне құрмет көрсеткен олар жаңарған Конституцияның ел болашағы үшін маңызды қадам екенін айтты.
«1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты біз, Алматы қаласының жастары, осы тарихи күнді қолдап, құттықтау мақсатында "Сұңқар" трамплин кешеніне келіп, Ту көтеру рәсіміне қатысып отырмыз. Бүгін Алматы қаласының белсенді жастары, студенттеріміз, жастар ұйымдарының өкілдері мен басшылары жиналды. Әнұранымызды шырқап, осы айтулы күнді көтеріңкі көңіл күймен бастап отырмыз», – деді Жастар саясаты басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ермұхаммед Палмағанбетов.
«Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Біз, курсанттар, әрқашан жаңа Конституцияны қолдаймыз. Бұл – еліміздің дамуына үлес қосатын маңызды құжат. Сондықтан оны әрдайым қолдаймыз. Елімізде бейбітшілік пен тыныштық болсын!», – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының 2 курс курсанты Досжан Дулатұлы.
Айта кетейік, биыл жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияның шамамен 85 пайызы жаңартылды. Онда адам құқығы мен бостандықтарын қорғауға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және цифрлық технологияларды құқықтық тұрғыдан реттеуге басымдық берілген. 11 бөлім мен 95 баптан тұратын Ата Заңға сәйкес елде бір палаталы Құрылтай құрылып, оның құрамына 145 депутат сайланады.
Сонымен қатар елімізде алғаш рет вице-президент лауазымы енгізіліп, Қазақстан Халық кеңесі құрылады. Сондай-ақ 15 наурыз ресми түрде Конституция күні болып белгіленді.
«Жаңа Ата Заң – ұлтты біріктіретін, болашаққа айқын бағыт беретін маңызды құжат. Ол ұлттық келбетімізді, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды сақтай отырып, жаңа өмірге қадам басқанымыздың айқын көрінісі», – деді Қазақ радиосының ардагер дикторы Аманжан Еңсебаев.
Оқи отырыңыз: Тарихи сайлау – Президент Құрылтай сайлауын 23 тамызға тағайындады