Алматыда жастарды салауатты өмірге үндейтін ерекше мурал ашылды

13.07.2026 16:15

Қылқалам шеберлерінің бастамасы спорт-думанға ұласты

Аlmaty.tv

Қаланың келбетін ғана емес, Алматы жастарының санасын өзгертуге бағытталған өнер туындысы. Мақатаев пен Панфилов көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйдің қасбетіне салынған есірткіге қарсы мурал нашақорлыққа қарсы үш жылдық кешенді жоспар аясында ашылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Полиция департаменті, Жастар саясатын дамыту қоры және Алмалы ауданы әкімдігінің бірлескен жобасы әр адамның күнделікті таңдауын бейнелейді. Көше өнері арқылы бой көтерген туынды спорт, музыка және өзін-өзі дамыту құндылықтарын насихаттап, жастарды саналы өмір сүруге үндейді.

«Бұл муралдың мән-мағынасы – қалаға бір жағынан эстетикалық көрік беру, екінші жағынан болашақ ұрпаққа, жастарға тәрбиелік мәні бар жоба жасау. Бұл жұмысты салуға 20 күн уақыт кетті», – деді муралдың авторы Жәнібек Жұмағалиев.

Қылқалам шеберлерінің бастамасы Арбаттағы спорттық думанға ұласты. Мұнда жиналған жүздеген адам есірткіге қарсы нақты балама ретінде спорт пен салауатты өмір салтын таңдайтынын көрсетті. Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні аясында ұйымдастырылған іс-шарада жекпе-жек чемпиондары өз шеберліктерін көрсетсе, кәсіби кинологтар қызметтік иттердің із кесудегі ептілігі мен сезгіштігін таныстырды. Жиналған қауым спорттық сайыстарда бақ сынасып, белсенді қатысушылар алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Есірткіге қарсы күрес күніне орай біз есірткімен күрес айлығын өткіздік. Осы кезеңде спорттық жарыстар, дәрістер, байқаулар мен флешмобтар ұйымдастырылды. Осылайша біз салауатты өмір салтын жан-жақты насихаттап жатырмыз», – деді Полиция департаменті басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев.

Оқи отырыңыз: Жаңарған Республика алаңы алматылықтардың сүйікті демалыс орнына айналды