Жыл басынан бері 120 адамға жұмысқа орналасу бойынша консультациялық көмек көрсетілген
Алматының Медеу ауданында Жастар комьюнити орталығына келушілер қатары көбейіп келеді. Былтыр мекемеде 7 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілсе, биыл бұл көрсеткіш екі есеге артқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде орталықта 14 пен 35 жас аралығындағы қала тұрғындарының уақытын тиімді өткізуіне, жұмысқа орналасуына және кәсіби бағдар алуына жағдай жасалған. Сонымен қатар жастар психологиялық және құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес ала алады.
Жыл басынан бері 120 адамға жұмысқа орналасу бойынша консультациялық көмек көрсетілген. Ал 40-тан астам тұрғын заңгердің жеке қабылдауына жазылуға өтініш берген.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұндай орталықтар жастардың жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды қоғамдық кеңістікке айналып келеді.
Медеу ауданындағы Жастар комьюнити орталығы бірнеше функционалды аймаққа бөлінген. Мұнда коворкинг аймағы, қойылымдарға арналған шағын сахна, хореографиялық зал және дебаттар мен пікірталастар өткізуге арналған конференц-зал бар.
«Біз аптаның жеті күні, демалыссыз, таңғы сағат 10:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейміз», – деді Медеу ауданы Жастар комьюнити орталығы басшысының орынбасары Досжан Талдыбекұлы.