Алматыда жер сілкінісін алдын ала ескертетін ғылыми орталық ашылды

 Жаңа орталықта қазақстандық және қытайлық ғалымдар сейсмология саласында бірлескен зерттеулер жүргізеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жер сілкінісін алдын ала ескертетін ғылыми орталық ашылды. Қазақстан мен Қытай бірлесіп жұмыс атқаратын ғимаратта мамандар апатты бақылап, қауіпті анықтауға көмектесетін жаңа технологияларды әзірлейді. Мамандардың сөзінше, бұл іс-шара халықаралық тәжірибе алмасуға және қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан мен Қытай бірлескен жер сілкіністерін зерттеу орталығын ашу  туралы меморандумға биыл маусым айында қол қойылған. Басты мақсат – қос елдің ғылыми-зерттеу әлеуетін біріктіріп, мониторинг, болжам жасау және ерте ескерту бағыттарында заманауи технологияларды енгізу. Ғимараттың ресми ашылу салтанатына Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және Қытай дипломаттары мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Шаһар басшысы орталықтың қызметі Алматы қаласы мен бүкіл өңірдің сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

«Орталықтың қызметі Алматы қаласы мен бүкіл өңірдің сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруға елеулі үлес қосып, тиімді халықаралық ынтымақтастықтың үлгісіне айналып ,азаматтарымыздың игілігіне қызмет етеді деп сенемін», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

 Жаңа орталықта қазақстандық және қытайлық ғалымдар сейсмология саласында бірлескен зерттеулер жүргізеді. Ғимаратта техногендік, алдын-ала ескерту және сейсмикалық мониторинг жасайтын 3 зертхана бар. Мамандар жер сілкіністерін бақылау, олардың қаупін бағалау және тұрғындарға алдын ала ескертуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды әзірлеу мен жетілдіруге басымдық береді.

«Қазақстанның Оңтүстік шығысы сейсмикасы жоғары аудандарға жатады. Соның ішінде Алматы қаласы. Сондықтан бұл жерде жер сілкінісін зерттеу, олар туралы мәліметтерді жинақтау, өңдеу осылардың бәрі – маңызды. Неліктен Қытай Республикасымен? Өйткені ҚХР біздің көрші мемлекет болып табылады. Бізге ортақ Тянь-Шань тау сілемдері бар. Оның ұзындығы 2 жарым мың км. Оған төрт мемлекет Қазақстан, Қырғызстан, Қытай және Өзбекстан ішінара кіріп тұрады», – деді жер сілкінісін зерттеу орталығының басшысы Ерік Әліпұлы.

«Мұнда қазақстандық және қытайлық мамандар жұмыс істейтін болады. Бұл орталықтың ашылуы Қытай мен Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін өте тиімді болады деп ойлаймын», – деді ҚХР Алматыдағы бас консулы Су Фанцю.

 Іс-шара барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығы» мен Қытай Халық Республикасының Жер сілкіністері жөніндегі әкімшілігі арасында геофизика және сейсмология саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және аталған жобаны іске асыруға қосқан елеулі үлесі үшін ұйым өкілдері мен төтеншеліктер марапатталды.

Диана Тұрлыбек, Әлішер Ерғалиұлы, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алматыда Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті