Алматыда жаңа Достық үйі салынады

30.06.2025 21:41

ҚХА сессиясында этносаралық келісім мен мемлекеттік тілді дамыту мәселесі талқыланды

«Ассамблея – еліміздің бірлігі мен келісімінің тірегі». Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының 27-сессиясы отырысында сөз алған шаһар әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мегаполис басшысы қаладағы өзге ұлт өкілдері де оңтүстік астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық тұрақтылық пен рухани келісімді насихаттап жүргенін алға тартты. Алайда алда атқарылуы тиіс жұмыс, жалғасын табуы қажет жобалар көп екенін атап өтті.

Еске салайық, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, соның аясында Алматыда жаңа әрі заманауи Достық үйі салынады деп жоспарланған еді.

Айта кетейік, сондай-ақ, бүгінгі маңызды басқосуда Мемлекет басшысының тапсырмасына сай іске асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясының маңызы жөнінде айтылды. 

«Ассамблея жастары» «Таза Қазақстан» акциясына белсенді түрде атсалысып келеді. Ол тек айналаны тазалап, сенбілікке қатысу емес. Біздің тарапымыздан да осы экологиялық науқан аясында көп іс-шара ұйымдастырылды. Менің ойымша, мұның мәні тек 1-2 түп ағаш отырғызу емес, экологиялық мәдениет қалыптастыру, өскелең ұрпаққа насихаттау», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайрыев.

Одан бөлек, жиында бірлік пен келісім идеясын ілгерілетудегі этномедиа рөлі, ұлт бірлігін нығайтудағы жас көшбасшылардың маңызы және Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі жайлы ой қозғалды. «Оңай қазақша» курсының авторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Анастасия Нугуманова сөз алып, қазақ тілінің мәртебесін арттыру бойынша атқарылып жатқан шаруаларды жіпке тізді. 

«Үш жылда «Менің елім – менің тілім» жобасы аясында «Сөйле» клубында жетекшілік етіп, өзім тегін түрде қазақ тілінен сабақ беріп жүрмін. Және «Оңай қазақша» авторлық курсының мектепалды және мектеп қабырғасындағы балаларға қазақ тілін оңай әрі тез үйренудің жолдарын бөлісіп, жұмыс істеудемін», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Анастасия Нугуманова.

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды: "Таза Қазақстан" - азаматтық жауапкершілік пен қалаға деген сүйіспеншіліктің белгісі