Алматыда жаңа стадион мен мүгедек жандарға арналған спорт орталығы салынып, «Медеу» жаңартылып жатыр

08.10.2025 18:44

Басты мақсат – спорттың барша тұрғындар үшін қолжетімділігін арттыру

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған кешенді жобалар жүзеге асып жатыр. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметіде осылай деді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Нұркент шағынауданында 4 жабық және әртүрлі жабындысы бар 10 ашық корты қамтитын «Алатау» теннис орталығының құрылысы бітті. Райымбек даңғылы, 312 мекенжайында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнаулы спорт орталығы да салынып жатыр. Оны 2026 жылы салып бітпек.

Сондай басым бағыттардың бірі FIFA және UEFA стандарттарына сай 35 мың орындық жаңа футбол стадионының құрылысы. Сонымен бірге Орталық стадионды қайта жаңғырту, тарихи келбетін сақтай отырып «Медеу» мұз айдынын жаңарту мен қаланың әр ауданында алты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу да жоспарланған.

Бұл жобаларды жүзеге асырудың басты мақсаты – спорттың барша тұрғындар үшін қолжетімділігін арттырып, еліміздің спорт астанасы ретіндегі Алматының мәртебесін нығайту.

Сонымен қатар алматылық спортшылар республикалық және халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. 2025 жылы олар 4 мыңнан астам медаль жеңіп алды: соның ішінде 3 534-і – Қазақстан чемпионаттарында, 119-ы – Әлем кубогының кезеңдерінде, 298-і – Азия чемпионаттарында және 68-і – әлем біріншіліктерінде. Әсіресе, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында Михаил Шайдоров алған күміс медаль, спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов пен Милад Каримидің Әлем кубогындағы жеңістері, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы шахматтан екі дүркін әлем чемпионы атанған Ксения Балабаеваның жетістіктерін ерекше атауға болады.

Бұған қоса, 8 алматылық спортшы Қазақстан ұлттық құрамасы сапына еніп, IX Қысқы Азия ойындарында 20 медаль иеленуге үлес қосты. Алматылықтардың бұл жетістігінің арқасында қала еліміздің спорт саласындағы жетекші орталық атанып отыр.

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды субұрқақтарды жаңғырту және қоғамдық кеңістіктерді көріктендіру барысымен танысты