Алматыда жастар арасындағы суицидті азайтуға бағытталған бағдарлама қолға алынды

01.11.2024 16:53

Бағдарлама республика көлемінде жалғаспақ

Алматы қаласының білім басқармасына қарасты «Психологиялық қолдау орталығы» жасөспірімдер арасындағы өлім-жітімді азайтуға бағытталған бағдарламаны қолға алды. Алғашқы семинар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

Аталмыш іс-шара қоғамда болып жатқан өз-өзіне қол жұмсау іс-әрекеттерінің алдын алуға және осы мәселелердің оң шешімін табуға септеседі. Семинарға қатысқандар «бұл бағдарлама қаламен шектелмейді, республика көлемінде жалғасады» дейді.  

"ЮНИСЕФ-тің зерттеулері бойынша біз, өкінішке қарай, суицид факторларының өсуіне байланысты 20 мемлекеттің қатарына кіріп тұрмыз. Бас прокуратураның мәліметі бойынша  былтырдың өзінде 3 мыңнан астам дерек болған. Сол себепті осы конференцияны ұйымдастыруды жөн көрдік", - деді Абай атындағы ҚазҰПУ педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева.

"Конференцияның мақсаты – жастар және жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау себептері анықтау, суицидке бейім және суицидтік мінез-құлқы бар балалардың психологиясына талдау жасау. Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының профессорларымен, ғалымдарымен бірігіп қалалық деңгейде конференция өткізіп жатырмыз, бұл іс-шара әлі де жалғасын табады", - деді Білім басқармасы жанындағы «Психологиялық қолдау орталығы» директорының міндетін атқарушы Венера Коканова.

Оқи отырыңыз: "Шындыққа жанаспайды": балықшылар итбалықтың қырылуына қатысты мәлімдеме жасады