Алматыда жұмыссыздық деңгейі төмендеді

06.01.2025 20:34

Биыл қалада кем дегенде 76 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ

Алматыда былтыр жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеді. Еңбек нарығы жанданып, жаңа бастамалар мен әлеуметтік бағдарламалардың көмегіне 69 мыңнан астам адам жүгінген. 26 мыңға жуық тұрғын тұрақты және субсидияланған жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңадан диплом алған жастар үшін жұмыссыздық – ең өзекті мәселелердің бірі. Еңбек нарығындағы тәжірибе талаптары мен сұранысқа сай мамандықтардың аздығы түлектердің жұмыс табуын қиындатады. Былтыр 25 мыңнан аса мектеп оқушысы, студент және жұмыссыз жастар кәсіби бағдарлау бағдарламаларына қатысып, тәжірибе алса, жоғары оқу орындарының түлектері “жастар практикасы” жобасы арқылы еңбек жолына алғаш қадам басты. Олардың бірі – Талғат Асқаров. Жас маман бір апта ішінде қалаған жұмыс орнына орналасып, қазір мамандығы бойынша еңбек етуде.  

"Алматы технология университетін аяқтағаннан кейін осы жерге келдім. «Жастар практикасы» туралы түсіндіріп, Шаңырақ әлеуметтік көмек орталығына жұмысқа тұрдым, бухгалтердің көмекшісімін. Үш-төрт айдан бері жұмыс істеп жатырмын", – деді қала тұрғыны Талғат Асқаров.

Өткен жылы Еңбек мобильділігі орталығына 69 мыңнан астам адам жүгініп, олардың 50 мыңы ресми түрде жұмыссыздар санатына енген. Кешенді жұмыстардың арқасында олардың 25,6 мыңнан астамы тұрақты және субсидияланған жұмыс орындарына орналастырылды. Сондай-ақ былтыр зейнет жасындағы азаматтардың әлеуметтік және экономикалық белсенділігін арттыру үшін «Алтын жас» бағдарламасы қолға алынды. Жоба аясында өткен жылы 700-ден астам зейнеткер еңбекпен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр.

"Әр санаттағы азаматтарға жұмыс орындары ұсынылады. Осы жылдан бастап жастарға арналған арнайы «Жастар практикасы» бағдарламасы бар. Орта жастағы адамдарға әлеуметтік жұмыс орындары бар. Зейнет жасына жеткен адамдарға арналған «Алтын жас» бағдарламасы қарастырылған. Былтыр 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Үш жылға келісімшарт құрып, жұмыстарын жалғастырып жатыр. Биыл 1000-ға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарлануда", – деді Еңбек мобильділігі орталығының директоры Әділет Жаңабаев.

Мегаполисте былтыр жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан 4,6 пайызға дейін төмендеді.

Биыл қалада кем дегенде 76 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл – қала тұрғындарының әл-ауқатын едәуір жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов

Оқи отырыңыз: Біріңғай терезе: Алматыда жемқорлыққа қатысты тіркелген қылмыс саны азайды