Алматыда жыл басынан бері 30 шақырым инженерлік желі жаңартылды

05.12.2024 21:45

Жыл сайын апаттық жағдайлар азайып келеді

Алматыда жыл басынан бері тозығы жеткен 32 шақырымға жуық инженерлік желі жаңартылды. Әбден ескіріп біткен кәріз және су құбырларын алдағы бірнеше жылда толықтай ауыстыру жоспарланған. Осылайша "Алматы Су" мекемесі инженерлік апаттардың санын азайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының инженерлік желілерін жаңғырту жұмыстары жыл сайын қарқын алып келеді. Биыл «Алматы Су» кәсіпорны қысқа дайындығы шеңберінде көктайғаққа қарсы материалдардың, су дайындауға арналған реагенттердің қорын құрған. Қала бойынша мыңнан аса бекіткіш арматура ауыстырылып, екі жүздей сорғы жабдығы жөнделіпті. Сонымен қатар 1200 кәріз қақпасы ауыстырылып, 3000 шақырым құбыр тазартылған. Ал апаттық бригадалар тәулік бойы жұмыс істеу үшін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етілді дейді мамандар.

"Жыл сайын апаттық жағдайлар азайып келеді. Оның басты себебі - қала бюджеті бойынша бірнеше жүз шақырым су құбырлары жаңадан іске қосылып жатыр. Одан басқа өзіміздің мекеме тарапынан жыл сайын ең тозығы жеткен құбырлардың 35-40 шақырым учаскесін ауыстырып жатырмыз", - деді "Алматы Су" МКК ресми өкілі деді Серік Шағыров.

Мамандар құбырлар тозып тұрғандықтан, апат та жиі болады дейді. Күні кеше Түрксіб ауданында жарылған желіні жөндеуге арнайы бригада жұмылдырылып, олқылықты түзеуге кіріскен. Олардың айтуынша, күніне осындай бірнеше жағдай тіркеледі.

"Сейфуллин көшесі, 54 мекенжайында Түрксіб ауданының бригадасы апаттық жағдайды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су құбырының диаметрі - 150. 3 желтоқсанда өтінім түскен болатын. Қазба жұмыстарын бітірген соң, асфальтты қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз", - деді "Алматы Су" МКК Су құбыры департаментінің түрксіб аудандық пайдалану учаскесінің басшысы Арман Жидебаев.

Ақау жөнделіп болған соң, мердігер мекеме жол жабындысын төсеуге кіріседі. Ал қыста уақытша тас төсеніш қойылады. Жаңа талапқа сай тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бұл аумақ арнайы қоршаумен бекітіледі.

Олжас Омарбек, Рашиддин Якупов, AlmatyTV

Оқи отырыңыз: Алматыда келесі жылы қандай көшенің құрылысы аяқталады