Алматыда ЖРВИ жұқтырған балаларға арналған төсек-орын саны артады

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

1-20 қараша аралығында аурухананың қабылдау бөлімшелеріне 14 166 өтініш түсті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өсуіне байланысты Алматыда балаларды емдеуге арналған төсек-орын саны көбеюде. Медициналық ұйымдар медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Дүрбелеңге ешқандай негіз жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында қосымша 67 резервтік төсек-орын ашу көзделген. Осылайша, төсек-орын қоры 360-тан 427 орынға дейін ұлғаяды.

1-20 қараша аралығында аурухананың қабылдау бөлімшелеріне 14 166 өтініш түсті. Оның ішінде 2 773 бала (19,6%) ауруханаға жатқызылды. Қалған 11 393 науқасқа (80,4%) ауруханаға жатқызусыз, қабылдау бөлімшелері деңгейінде медициналық көмек көрсетілді.

Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар емханаларға бармай, бірден стационарлардың қабылдау бөлімшелеріне жүгінеді, әсіресе амбулаториялық ұйымдар қабылдау жүргізбейтін түнгі уақытта. Бұл ауруханаларға түсетін жүктемені арттырып, дәрігердің қарауын күту уақытының ұзаруына әсер етуі мүмкін.

Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін инфекционист-дәрігерлердің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылды. Науқастарды қабылдау медициналық сұрыптау (триаж) қағидаты бойынша жүзеге асырылады: бірінші кезекте жағдайы аса ауыр балаларға көмек көрсетіледі.

Ауруханаға жатқызудың негізгі себептері

2026 жылдың қазан–қараша айларында ауруханада 6 482 ауруханаға жатқызу жағдайы тіркелді. Негізгі себептердің қатарында:

- ЖРВИ — 3 422 жағдай (52,8%);
- энтеровирустық инфекция — 1 208 (18,6%);
- пневмония — 968 (14,9%);
- жедел ішек инфекциялары — 341 (5,3%);
- қызылша — 227 (3,5%);
- менингиттер — 62 (0,9%);
- инфекциялық мононуклеоз — 62 (0,9%).

Стационарға түсетін негізгі жүктемені ЖРВИ мен пневмония құрайды — барлық ауруханаға жатқызу жағдайларының 67,7%-ы. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда балалар арасындағы сырқаттанушылық құрылымында елеулі өзгерістер байқалмайды. Респираторлық және басқа да инфекциялардың маусымдық өршуі жыл сайын қайталанатын сипатқа ие.

Аурухана жұмысы тұрақты бақылауда. Қабылдау бөлімшелеріне түсетін жүктемеге күн сайын мониторинг жүргізіліп, кезекші дәрігерлермен қамтылуы бақыланады және емханалармен ақпараттық өзара іс-қимыл қолдау табады.

Құрметті ата-аналар! ЖРВИ-дің алғашқы белгілері байқалған кезде тіркелген жеріңіз бойынша емханаға жүгініңіздер. Баланың жағдайы нашарлаған жағдайда дереу жедел медициналық жәрдем шақырыңыздар. Ауруханаға жатқызу тек медициналық көрсеткіштер бойынша ғана жүргізіледі. Сабыр сақтап, медициналық көмекке уақтылы жүгінулеріңізді сұраймыз.

Оқи отырыңыз: Президент: Мемлекет қазынасына қол сұғу – елге жасалған ауыр қастандық