Алматыда жұмыс іздегендерге 20-ға жуық компания мүмкіндік ұсынды

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыссыздық деңгейін төмендету

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алатау ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараға 18 бен 63 жас аралығындағы бес мыңнан астам азамат пен түрлі саладағы жұмыс берушілер шақырылды.

Қаланың 20-ға жуық компаниясы инженерлер, механиктер, аспаздар, технологтар және басқа да мамандарды жұмысқа қабылдауға ниетті. Сонымен қатар дипломы жоқ азаматтарға да жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылды.

Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жұмыс іздеген азаматтарға қолдау көрсету. Сондай-ақ пробациялық есепте тұрған адамдардың еңбекке орналасуына жағдай жасау көзделген.

«Бұл жәрмеңкенің мақсаты – тіркеуде тұрған жұмыссыздар санын азайту. Сонымен қатар пробациялық есепте тұрған сотталған азаматтардың көбі жұмысқа орналаса алмай жатады. Оларға құқықтарын түсіндіріп, қайда жұмысқа тұруға болатынын, қалай тіркелу керегін және еңбек шартын қалай дұрыс жасау қажеттігін көрсетіп жатырмыз», – деді Алатау ауданы прокуратурасының бөлім басшысы Марлен Кәрімов.